Ескірген заң талаптарының салдарынан елдегі еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандардың 3 пайызы ғана жұмыспен қамтылып отыр ? А.Самақова

АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты қолданыстағы заңдардың талаптары ескірген. Өйткені онда мүмкіндігі шектеулі жандар тек мемлекеттен жәрдемақы алып, отыра беретін қоғамның әлсіз мүшелері ретінде қарастырылған.

Мүгедектерге деген осындай көзқарастың кесірінен олардың еңбек етуге қабілеттілерінің тек 3 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Бұл мәліметтерді бүгін екінші сессияның жұмысын қорытындылау барысында «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі парламенттік фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес төрайымы, депутат Айткүл Самақова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін жетеді. «Бұл мәліметтермен біз Әлеуметтік кеңес тарапынан ұйымдастырылған «Мүмкіндігі шектеулі жандардық құқықтарын қорғау бағытындағы халықаралық стандарттардың Қазақстанда орындалуы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында таныстық. Аталмыш отырысты ұйымдастырудан ұтқанымыз - біз БҰҰ-ның мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары мен оның факультативті хаттамасының ратификациялануын жеделдетуге ықпал еттік. Ал бұл құжат мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты елдегі жағдайды айтарлықтай оңалтады», деді кеңес төрайымы. Оның айтуынша, өткен аптада ғана кеңес өкілдері еліміздегі сурдологиялық қызметті жетілдіру мәселелеріне арналған отырыс өткізген. Онда балаларды қоса алғанда, республикадағы 1,2 миллион адам есту қабілетінің бұзылуы зардабын шегіп жүргендігі айтылды. «Бұл өте үлкен көрсеткіш. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтерінше, 2020 жылы осы санаттағы азаматтардың саны 30 пайыздан жоғары өсетін болады. Бұл да бізді алаңдатады», деді А.Самақова.