ESKO анасына арнап шығарған хит әнінен кейін өнерге қайта оралды

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – 11 млн қаралым жинаған «Мама» әнінен кейін әнші ESKO (Қуандық Ескелді) шығармашылығын жалғастыруға шешім қабылдады. Әнші өнерді тоқтатамын деген ойынан тыңдарман қолдауының арқасында бас тартқанын айтады. 

– Бұл әнді анамның туған күніне арнап жазғанмын. Сол уақытта өнерден кетемін деп нақты шешім шығарғанмын. Бірақ тыңдарманның жүрекжарды хаттары менің өнерге қайта оралуыма себепкер болды, - дейді ESKO.

Әнші «Мама» әнінің бір күнде жарты миллион, келесі күні миллионнан астам қаралым жинағанын атап өтті. Оның айтуынша, көпшілік әнді жақындарымен сөйлесуге, кешірім сұрауға, қарым-қатынасты түзетуге себеп қылған.

Фото: видеодан алынған скрин

ESKO бұл туындыны анасына арнаса, келесі «Папа қасыңда» әнін ұлына өсиет ретінде жазғанын жеткізді.

– Бұл әннің сөзінде «қандай жағдай болса да сырыңды менімен бөліс, мен сені бар болғаның үшін жақсы көрем» деген ой жатыр. Кез келген бала естігісі келетін сөз ғой, - деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасында.

Өнер иесі 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай «Құлагер» атты жаңа әнін жариялайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін әнші ALEM-нің эксклюзив сұхбатын жазған едік.