Сапсерфингте сап құру – елордалықтарды Есіл жағалауына тартқан қандай тренд

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада сапсерфинг жазғы маусымның жаңа трендіне айналды. Қала тұрғындары сапбордпен су бетінде серуендеуге аса қызығушылық танытты. Бұл қандай спорт түрі? Неліктен оған ел арасында сұраныс күрт артты? Kazinform тілшісі сапбордқа мініп, су бетінде қалқудың қандай қызығы барын тексеріп көрді.

Фото: Қуаныш Тлепбергеннің жеке мұрағатынан

Есілде аптасына жүздеген адам сапбордқа мінеді

Есіл жағалауына көз салсаңыз, су тақтасына отырып, өзен бетінде ескек есіп жүрген жандарды жиі байқауға болады. Әлеуметтік желіде де сапсерфинг туралы видеолар жиі кездеседі. Қайыққа ұқсайтын, бірақ жан-жағы қоршалмаған бұл тақта — сапборд. Ал оның үстінде тұрып немесе отырып, ескекпен суда қозғалу сапсерфинг немесе SUP-бординг деп аталады.

Фото: Kazinform

Соңғы екі жылда бұл спорт түрі елде кеңінен таралып, оған жас та, кәрі де қызығушылық таныта бастаған. Әсіресе, әуесқойлар табиғат аясында демалып, суда сапбордпен жүзуді ұнатады.

Фото: Kazinform

Ал сапсерфингті үйренгісі келетіндерге бағыт-бағдар беріп, арнайы тур ұйымдастыратындар да аз емес. Солардың бірі — Қуаныш Тілепберген. Ол күн сайын екі сағаттан асатын турлар өткізеді. Оның айтуынша, биылғы жазғы маусымда ұйымдастырған сапсерфинг турларына 1500-ден астам адам қатысқан.

- Тәулігіне бес рет, әрқайсысында алты адамнан сапбордпен суға шығамыз. Келушілер саны аптасына 100-ден асады. Сәуір айынан тамызға дейін 1500 адам келді. Маусым аяқталғанша бұл көрсеткіш 2000-нан асады деп ойлаймын. Биыл келушілердің саны өте көп. Әсіресе, маусым айында келушілер саны жоғары болды. Себебі бұл — жаздың басы, оқушылардың жазғы каникулы басталатын кез, - дейді нұсқаушы.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Бұл — бір ғана ұйымдастырушының есебі. Ал елордада сапсерфингке арналған турлар жетерлік. Сондықтан бұл спортқа қызыққандардың жалпы саны бұдан әлдеқайда көп деп топшылауға әбден болады.

Сапборд үстіндегі еркіндік

Есіл өзені сапсерфингпен айналысатындар үшін өте қолайлы. Суы тұнық, толқыны баяу. Қаланың көрінісі де көз тартады. Жалғыз қалып, тыныштықта демалғысы келген жандар үшін таптырмас спорт түрі.

Фото: Kazinform

Жүзуді білу де міндет емес — қорғаныс жилетін киіп, нұсқаушының айтқанын мұқият тыңдасаңыз жеткілікті. Ал тепе-теңдікті сақтап, қауіпсіздік ережелерін ескерген адам сапқа небәрі бес минуттың ішінде-ақ тұрып кете алады. Мұны 49 жастағы Бейбіт Жантасованың тәжірибесі де дәлелдейді.


- Сапсерфингке келу көптен бергі арманым еді. Бүгін сол арманым орындалды. Суға екі сағатқа түстік. Жаттығуларды қайталап, бір сәтте-ақ тақта үстінде еркін тұрып кеттім. Ешқандай қиындығы жоқ екен. Табиғат аясында демалып, сергіп қайтуға керемет. Әсіресе, толқын болған кезде адреналин бөлініп, ерекше әсер сыйлайды, - деді ол.

Фото: Kazinform

Ал 46 жастағы Залина Қоңыратованы сапсерфингке қызы ертіп келген. Тақтаға алғашында қорқып мінген ол әп-сәтте-ақ бойын үйретіп, ескегін еркін есе бастапты.

- Мен қызыммен келдім. Негізі, басында қорқынышты болды. Бірақ суға түскен кезде адреналин керемет күш береді екен. Өте ұнады. Жай жүрген кезде қорқынышты болғанымен, өзің ескек есіп кеткен кезде қорықпайды екенсің. Толқындарды да еркін өтуге болады. Ұлдарыма, жолдасыма да айту керек, олармен де келу керек. Хобби ретінде өте керемет екен, - деді ол.

 

Фото: Kazinform

Күн батар шақта сапсерфингке сұраныс арта түседі. Көкжиек қызғылт түске боялған сәтте келушілердің көбі әдемі суретке түсіп қалуға асығады. Ал кейбірі сапборд үстінде отырып, су бетіндегі тыныштықты сезініп, табиғат көрінісін тамашалайды.

— Бүгін сапқа бірінші рет міндім. Керемет энергия алдым. Теплоходтар өткен сайын толқын пайда болады. Сол кездегі адреналиннің сезімі ерекше екен. Барлық жасты сапсерфингке шақырар едім. Өзім де осында әр жеті келіп тұруды қалаймын. Барлық артық ойды ұмытып, еркіндік сезіміне бөленуге болады. Құдды бір санаңды тазартқандай боласың, — деді Алина Қоңыратова.

Фото: Kazinform

Бұл спортпен айналысуға тұрғындарға ештеңе кедергі емес. Бірі баласын ертіп келсе, енді бірі сүйікті итін сап тақтасына отырғызып, бірге серуендеп жүр.

Фото: Kazinform

Жалпы, сапсерфингке келушілердің жасы 18-ден 65 жасқа дейін. Нұсқаушының айтуынша, бұл спорт түрін ата-әжелер де ермек етеді. Тіпті таң атып, күн шығар сәтте сапсерфингке шығуды жоспарлап келетіндер де бар.

Сапсерфингтің пайдасы, сапбордтың бағасы

Үрлемелі сапбордтың салмағы 5-8 келідей болады. Кәсіби деңгейіне қарай оның ұзындығы да өзгереді. Ұзындығы үш метрден асатын сапбордтарға екі-үш адамға дейін отыруға болады. Ал бағасы 80 мың теңгеден басталып, бір миллион теңгеге дейін жетеді.

Фото: Kazinform

Бір қызығы, сапсерфингтің «жабайы сапсерфинг» деп аталатын түрі де бар. Мұнда кәсіпқойлар толқындармен таласа сырғанап, ерекше әсер алады.

 - 2023 жылы сапбордпен кәсіби түрде айналысатын санаулы ғана адам болса, биыл олардың саны 500-ге жуықтады. Дегенмен, бізге көбіне жаңадан бастағандар келеді. Бізде тәжірибелі, кәсіби деңгейдегі адамдарға арналған «жабайы сапсерфинг» бағыты да бар. Онда толқындар әлдеқайда жоғары. Әртүрлі бұрылыстар жасап, сапбордты көтеріп ауысу, тіпті суда жүзіп өту сияқты элементтерді орындауға болады, - деді нұсқаушы.

 

Фото: Kazinform

Бұл спорт түрінде де бұлшықеттер белсенді жұмыс істеп, жүрек-қан тамыр жүйесі сауығады. Нұсқаушының айтуынша, сапсерфингпен бір сағат жаттығу 500 калорияға дейін жоюға мүмкіндік береді. Сондықтан ол артық салмақтан арылуға да көмектеседі.