Есірткі қылмысын ашуға көмектескендерді ынталандыру жоспарда бар

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан аймақтарындағы есірткі жағдайына облыстар мен республикалық маңызы бар қала әкімдері жауапты болады.

Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

– Дропперлікке жауапкершілік енгізіліп, бақылаудағы заттардың тізімі үнемі жаңартылып, толықтырылады. Бас прокуратура және Ұлттық банкпен бірлесіп қылмыстық активтердің мемлекет кірісіне айналу тетіктері, сондай-ақ есірткі қылмысын әшкерелеуге көмектесетін азаматтарды ынталандыру жүйесі пысықталып жатыр. Біз ведомствоаралық үйлестіруді арттырамыз, алдын алу жөніндегі кеңестердің жұмысын сүйемелдейміз және прекурсорлардың айналымын бақылау қағидаларын әзірледік. Парламентте «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заң жобасы қаралып жатыр, - деді Қ.Әлжанов.

Ол есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп жатқанын айтты. 

Мәселені түбегейлі пысықтау үшін жоба Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің қарауына бірнеше рет ұсынылды. Премьер-Министр төрағалығымен нашақорлықтың алдын алу және есірткіге байланысты қылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі  республикалық штабтың бірінші отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша штабтың 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді. Өңірлердегі есірткі жағдайына енді облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері жауапты болады. Халықаралық ынтымақтастық аясында ТМД форматында кездесулер ұйымдастырылды.

Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан ТМД елдерімен өзара іс-қимылды күшейтеді. Бүгінде 54 ведомствоаралық тергеу тобы құрылып, 2,6 млрд теңгенің мүлкі мен активі тәркіленді.

Биыл 9 айда 12 зертхана жойылып, 26 тоннадан астам түрлі есірткі тәркіленгенін жазған болатынбыз.