Есірткі тұтынған әскери қызметші айыппұл төлейді

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

 АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе гарнизоны әскери сотында 29011 әскери бөлімі жасақтау бөлімінің бастығы А.Мурзатовқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол есірткі тұтынып, оны сақтағаны үшін айыпты деп танылды. 

Ақтөбе гарнизоны әскери сотында 29011 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі, жасақтау бөлімінің бастығы А.Мурзатовқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Оған Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі, яғни, есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу бабы бойынша айып тағылды.

Іс материалына сүйенсек, сотталушы биыл сәуір айында Ақтау қаласындағы үйінің алдындағы аулаға шығып, турникке тартылады. Сол кезде полиэтилен пакетін байқап, орама ішінен марихуана тауып алады. Үйіне апарып, сақтап қояды. Бір күннен соң орап, үйінің әжетханасында бір бөлігін шегеді. Кейін қалған есірткі затын екіге бөліп, әмиянына салып қойған, өз үйінде сақтаған.

Әскери қызметші көп ұзамай Ақтөбе қаласында өтетін оқу-жаттығуға жиналып, Маңғыстау теміржол вокзалында күдікке ілікті. Нақтырақ айтқанда, қызметтік ит есірткі затын сезіп, белгі беріп, жанынан кетпей тұрып алған. Сотталушы күртешесінің ішкі төс қалтасына салынған әмиянынан марихуананы шығарып, анықтаушыға ұсынған.

Сот сараптамасы кезінде ескірткі затының марихуана екені расталды. Сот отырысында сотталушы А. Мурзатов тағылған айыпты толығымен мойындады.

Сот кабинетіндегі мәліметке сүйенсек, сотталушы А. Мурзатов Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 35 АЕК (137 620 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық Ұланы 6655 әскери бөлімі әскери полиция қызметінің аға анықтаушысы Темур Касымкулов «Қорқытып алу» бабы бойынша сотталды. Ол екі жылға бас бостандығынан шектелді.