Есірткі зертханасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұйымдастырушылары 23 жылға сотталды

Фото: Фото: видеодан алынған кадр

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысының мамандандырылған сотының үкімімен Ерейментау қаласының шетіндегі жеке үйде есірткі зертханасын ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топ сотталды.

Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, жоғарыда аталып кеткен топ кейіннен Астана аумағында сату үшін аса ірі көлемде синтетикалық есірткі өндірісін іске асыруды көздеген.

Трансұлттық қылмыстық топтың құрамында Украина мен Молдова азаматтары болған.

Оларды ұстау кезінде қылмыс орнынан 10 келі мефедрон мен 17 келіден астам прекурсорлар, сондай-ақ синтетикалық есірткі өндіруге арналған арнайы құрал-жабдықтар табылды.

Қылмыскерлер синтетикалық есірткіні қатаң құпиялылықта жасаған. Үй онлайн режимінде деректерді ұйымдастырушыға жіберетін бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, ал шикізат пен дайын өнімді сақтау үшін гараж жалға алынған.

Қылмыстық іс Ерейментау ауданының прокуратурасымен сотқа жолдану барысында, аталған тұлғалардың әрекеті трансұлттық ұйымдасқан топ ретінде сараланған.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеді.

Ұйымдастырушы 23 жылға, ал сыбайластары 22 жылға мүлкі тәркілене отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

Биыл заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі тәркіленгенін жазған болатынбыз.