Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия үйлестіру орталығының кеңсесі Астанаға көшірілмек
САМАРҚАНД. KAZINFORM — Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының кеңсесі Алматыдан Астанаға көшірілуі мүмкін. Мұны Самарқандта өтіп жатқан отырыста аталған орталықтың директоры Махмуд Хамидов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
— Біз Қазақстанның құзыретті органдарымен бірлесіп, орталығымызды Астана қаласына көшіру мүмкіндігін пысықтап жатырмыз. Бұл қалада барлық мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдардың кеңсесі, елшіліктер орналасқан. Сондай-ақ, Астанада маңызды халықаралық іс-шаралардың жүйелі ұйымдастырылып тұратынын ескере отырып, біз елордаға көшу өте орынды шешім деп санаймыз, — деді Махмуд Хамидов.
Бұған қоса, спикер орталық шеңберінде серіктестікті тереңдету міндеттеріне тоқталды. Оның сөзінше, ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстанның рөлі аса маңызды.
— Орталық қызметін жетілдіру мақсатында цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні енгізу мүмкіндігін және деректер базасын интеграциялау арқылы талдау жұмысын жандандыруға ниеттіміз. Қазіргі уақытта біз бұл бағытта Қазақстанның құқық қорғау органдарының академиясы және Бас прокуратурасымен ынтымақтастықты нығайтып жатырмыз, — деп тоқталды М.Хамидов.
Сонымен қатар, спикер орталықтың тиімділігі мен әлеуетін арттыру маңызды екенін баса айтты. Тиісінше, таяуда Қытай, Иран, Моңғолия, Үндістан, Түркия сияқты серіктестердің Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына өкілетті мүше ретінде қосылуы ықтимал.
Айта кетейік, аталған орталыққа қазіргі уақытта 7 мемлекет — Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан мүше.
Еске салсақ, осы іс-шара барысында баяндама жасаған Өзбекстан Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Баходир Ташматов Орталық Азия арқылы жылына 90 тоннаға жуық героин өтетінін мәлімдеді.