«Ессіз Макс» фильміндегідей: Астанада ерекше автожарыс өтті

Фото: Әділ Саптаев

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы 40-станция аренасында ерекше автошоу өтті. Оны тамашалауға жиналған 10 мың көрермен бір сәт «Ессіз Макс» фильміне еніп кеткендей әсерге бөленді.

Машиналар майданы

Мотордың гүрілі, бұрқыраған бензин иісі, көліктердің сарт-сұрт соқтығысы, майысқан, айырылған металдың шиқылдаған үні... Бейне бір голливудтық блокбастердегі не автокаскадерлер трюгіндегі кадрлар дерсің, бірақ біз бұл теңеулер арқылы Астанадағы автожарыста жұрт тамашалаған көріністерді сипаттап отырмыз.

Фото: Әділ Саптаев

Бұл жарыста ең жылдам көлік ұтпайды, ең берігі жеңіске жетеді. Талап сол, әр жүргізуші өзінің көлігімен өзгенің машинасын соғып, күл-талқанын шығаруы керек. Сондықтан да инженерлер әр көлікті өзгеше жабдықтап, аударылмайтын, соққанда қақ бөлініп қалмайтын, ішіндегі адамға зақым келмейтіндей тың шешімдер қолданған.

Фото: Сергей Корнеев
Фото: Әділ Саптаев

Мұндай жарыста көліктің жақсы жасақталуы ғана жеңіске жеткізбейді екен. Қарсыласты ұрымтал тұста қапталдан келіп соғу, оны жүре алмайтын етіп, қозғалысқа жауапты бөліктерін талқандау секілді тактика да сауатты қолданылуы керек. Елорда жұрты бұл жарыста осында әккі айла-тәсілді, жүргізушінің жанкештілігін, техниканың төзімділігін көріп, көзайым болды.

Фото: Сулейман Лайчинов

– Бұл жарыстан алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Шок болдым дей салар едім, бірақ ол сөздің өзі менің ішкі сезімімді дәл аша алмайды. Бұрын мұндайды тек Flatout ойынында ғана көретін едім. Ағамның шақыруымен келген едім, өкінбедім, – дейді астаналық Аделя Сәкенова.

Шайқас алдындағы көрініс

Аренаға әуелі 30 көлік шықты. Бүйірлерінде бірі әзілдеп, бірі ұрандап жазып алған жазулар менмұндалайды: «Соңғы майдан», «Қанға қан», «Аяғыңды көктен келтіремін», «Демеушім – көрші гараждағы жігіт».

Фото: Сергей Корнеев

Көліктер ақ, қызыл түстермен ала-құла етіп боялған.

Борттарда жарнамалар да жазылған, алайда демеушілердің әзірше анау айтқандай атақты компаниялар емес, шағын кәсіп иелері екені байқалады: шинажөндеу, көлік жуу және дәмханалар атауы.

Жүргізушілердің жас ерекшелігі де әртүрлі, жиырманың айналасындағы жас жігіттер де, шашы бурыл тартқан жігіт ағалары да байқалады. Әрқайсысы арнайы қорғаныс киімін киген, бастарында шлем. Өздеріне сенімді, қабағы қатулы, жүзі сұсты.

Фото: Сергей Корнеев

Ашылу салтанаты

Жиналған жұрттың қарасы да қалың, көліктер шайқасын көруді де асыға күтіп тұр. Ұйымдастырушылар олардың тағатын тауыспай, ашылу салтанатын тиянақты ғана өткізді.

Мемлекеттік Ту көтерілді, Әнұран айтылды. Астана авто-мотоспорт федерациясының президенті Анатолий Бондарь мен қоғам қайраткері Эльвар Агаев құттықтау сөз сөйледі. Артынша – қозғалтқыштардың гүрілі. Төреші белгі берген сәтте, көліктер бір-біріне тап берді.

Фото: Әділ Саптаев

Бұл жерде «Формула-1»-дің ережелері жоқ, талап басқа: соқ, бірақ өзің соққы алма; бұлталақта, бірақ қашпа; ең бастысы – қозғалтқыш өшпесін.

Ойын емес...

Жарыс алдында әр көлік пен жүргізуші техникалық және медициналық тексерістен өтеді. Қауіпсіздік қаңқасы, көліктің паспортта көрсетілген салмақтан аспауы қадағаланады, анықтамалар мен сақтандыру полисінің бар-жоғы тексеріледі.

Фото: Әділ Саптаев

– Қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігі – басты назарда. Бұл жолы шоу сәтті өтті. Алдағы уақытта мұндай шаралар жиі өтеді, бәріңізді шақырамыз, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Эльвар Агаев.

Хаос ішіндегі тәртіп

Фальстарт жасағанға – айыппұл, сырттан көмек жасалған қатысушы – жарыстан шығарылады. Көліктен шықсаң да жарыстан қуыласың. Қатысушыларға бұл ережелер алдын ала таныстырылған, бірақ жарыс кезінде де олардың сақталуын арнайы төрешілер қадағалап тұрды.

Автоәзірейіл

Жарыста қанша көлік жүре алмай қалып, доданы тоқтатты. Тіпті бір көліктің шанағы мыжылған консерві банкасына ұқсап қалды және үш доңғалағы істен шықты. Сонда да ол қозғалысын тоқтатпады. Кейін көлік жүргізушісі «қозғалыс қорабын қалай ауыстырып отырғанымды өзім де түсінбей қалдым» деп әсерімен бөлісті.

Фото: Әділ Саптаев

Осынша көліктің ішінде ең жаны сірі машина Антон Чегодаев мінген автомобиль болып шықты.

– Жеңіске жеттім, керемет сезім. Мұндай жарыстар бізге керек. Жиналған көрермендер саны – соның айғағы. Бұл турнирге ұзақ дайындалдым, сондықтан бұл жеңіс мен үшін өте маңызды, – дейді жеңімпаз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның мақсаты көрерменге драйв сыйлап, шоу көрсету ғана емес, автоспортты кең аудиторияға, әсіресе жастарға насихаттау. Мұндай жарыстар арқылы олар техникалық спорт түрлеріне жұрттың қызығушылығын оятқысы келеді.

Фото: Әділ Саптаев

Автожарыс – жай ғана мотордың гүрілі емес, бұл – командалық жұмыс, инженерлік тапқырлық және табандылық. Жастарды белсенді өмір салтына, денені шынықтырып, ойды сергітетін мазмұнды демалысқа тартудың бір жолы.

Көрермендердің әсері мен шынайы ықыласына қарап, ұйымдастырушылар өз мақсатына толық жетті деуге болады.

Фото: Әділ Саптаев

Бұл жарыс биылғы автоспорт маусымының ашылуына орай ұйымдастырылды. Енді маусымды қорытындылау шарасы қыркүйек айында Астанада өтеді. Онда жылдың үздік жүргізушісі анықталады.