Естелік монеталардың IV халықаралық «Монета жұлдыздары-2010» байқауында ҚР Ұлттық банкі «Жыл монетасы» аталымы бойынша дипломымен марапатталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«COINS-2010» ІІ халықаралық конференциясы аясында өткен бұл шараны «Уотер Марк» баспа үйі ұйымдастырған болатын. Дәстүрлі түрде жыл сайын болатын байқауға биыл әлемдегі 24 елден 209 монета қатысты. Атап айтқанда Болгария, Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Польша, Украинаның ұлттық банктері, Днестр жағалауының Республикалық Банкі, Армения, Әзірбайжан, Латвия, Литва, Ресей орталық банктері. Андорра, Австралия, Австрия, Гонконг, Испания, Канада, Польша, Ресей, Финляндия, Франция монета сарайлары. Сондай-ақ COIN INVEST TRUST, «Ресурс», MDM Muenzhandelsgesellschaft, «Райффайзен Банк Аваль», NumisCollect компаниялары топтары монета дистрибьюторларынан өтінімдер түсті. Олардың арасынан үздік шыққан туындылар - «Бірегей идеялық шешім», «Сәтті көркемдік шешім», «Айрықша технология», «Жылдың күміс монетасы», «Жылдың алтын монетасы», «Жыл монетасы» аталымдары бойынша марапатталды. Оған АҚШ, Беларус, Германия, Канада, Литва, Нидерланды, Франция, Ұлыбритания, Украина сарапшыларынан құралған қазылар алқасы төрелік жасады.
«Жыл монетасы» аталымы бойынша арнайы дипломмен марапатталған «Атилла» монетасы 2009 жылы 13 мың данамен шығарылған болатын. Оның 3 мың данасы Қазақстанның ішкі нарығына арналған. Монета сынамы - 925 күміс, салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, «proof» сапасымен дайындалған. Бет жағында Қазақстанның елтаңбасы, монетаның номиналын білдіретін «100 ТЕҢГЕ» деген жазба, шауып келе жатқан ат үстіндегі жауынгердің бейнесі, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және соғылған жылын білдіретін «2009» деген сан бейнеленген. Айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген, мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» және ағылшын тілінде «NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазулар бар. Жазулар нүктелермен бөлінген. Сырт жағында Аттиланың бейнесі бар көне медальонның алтындатылған бейнесі, сол жағында металын және оның сынамын білдіретін «Ag 925», оң жағында - монетаның массасын білдіретін «31,1gr.» деген жазу бар. Төменгі бөлігінде шауып келе жатқан үш атты жауынгер бейнеленіп, жоғарғы бөлікте «ATTILA THE HUN» жәнеқолбасшының өмір сүрген жылдарын бейнелейтін «406 - 453» деген сандар орналасқан. Қыры бедерленген.