Эстония Лукашенко мен Беларусьтің лауазымды тұлғаларына елге кіруге біржола тыйым салды
ТАЛЛИН. KAZINFORM — Эстония үкіметі Беларусь басшылығындағы өкілдерге қарсы санкцияларды шексіз мерзімге ұзарту туралы шешім қабылдады. Оған Беларусь президенті Александр Лукашенко мен тағы 272 тұлға кіреді. Бұл туралы бейсенбіде Эстония Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды Анадолы агенттігі.
Министрліктің мәліметінше, санкция тізіміне «жоғары лауазымды шенеуніктер, судьялар, құқық қорғау органдары қызметкерлері, мемлекеттік пропаганда өкілдері және Беларусь президентіне жақын адамдар» енгізілген.
Бұл шаралар алғаш рет 2020 жылы Беларусь президенттік сайлауы мен кейінгі наразылықтар кезінде енгізіліп, бұрын шектеулі мерзімге ұзартылған еді.
Шектеулерді шексіз мерзімге ауыстыру бастамасын сыртқы істер министрі Маргус Цахкна көтерді.
Оның айтуынша, Беларусьтегі адам құқығы жағдайы өзгермей тұр, ал «Минсктің Ресейдің Украинаға әскери операциясын қолдауы» саяси қысымды күшейту қажеттігін арттырады.
— Санкциялар енгізілгеннен бері бес жылдың ішінде ешқандай оң өзгеріс болған жоқ. Біз репрессиялардың жалғасуына көз жұма алмаймыз, сондықтан шектеулер уақыт шегінсіз сақталуы керек, — деді Цахкна.
Эстония билігі және Еуроодақтың бірнеше басқа елдері Александр Лукашенкоді Беларусьтің заңды президенті деп танымайды.
Беларусь президентінің тыйымға реакциясы
Беларусь президентінің баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонттың айтуынша, Александр Лукашенко Эстония билігінің елге кіруге тыйым салу туралы шешімін ирониямен қабылдаған.
— Президенттің бүгінгі «қауырт» жаңалыққа реакциясын айта аламын. Ол былай деді: Өкінішке қарай, ешқашан Эстонияға бармадым… Ал санкциялар енгізілгеннен бері ойланып жүрмін — тірі қалармын ба екен? — деп хабарлайды ресейлік БАҚ баспасөз хатшысын.
Айта кетейік, Эстония мен Литва сондай-ақ Латвия елдері жаяу әскерге қарсы минаға тыйым салу конвенциясынан шықты.