Эстония мен Финляндияда 70 жастан асқан тұрғындар үлесі екі есе артты

Фото: АЗЕРТАДЖ

АСТАНА. KAZINFORM – Эстония мен Финляндияда соңғы отыз жыл ішінде халықтың жалпы құрамында 70 жастан асқан адамдардың үлесі екі есе көбейді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Сонымен қатар, жұмыс істейтін зейнеткерлердің саны да артқан. Ғалымдардың айтуынша, олардың жұмыс істеуіне қосымша табысқа деген қажеттілікпен қатар, қоғамға өз үлесін қосуға деген ынта да әсер етеді.

Финляндиядағы жағдай

AZƏRTAC хабарлағандай, Финляндияда биыл тамыз айында 70 жастан асқан адамдардың саны бір миллионнан асты. Финляндия Статистика орталығының өкілі Йоонас Тойвола түсіндіргендей, бұл жас санатына енді соғыстан кейінгі бейби-бум кезеңінде туған ұрпақ кірді.

Эстониядағы жағдай

Эстонияда 70 жастан асқан адамдар саны — 203 мың. Егер Финляндияда бұл жас тобы халықтың бестен бірін құраса, Эстонияда — 15%-ды құрайды. Таллинн университетінің демография профессоры Аллан Пуурудың айтуынша, бұл көрсеткіштер халықтың қартаюын және Эстония мен Финляндия арасындағы демографиялық айырмашылықтарды айқын көрсетеді.

Жұмыс істейтін зейнеткерлер

Эстония статистика департаментінің деректеріне сәйкес, былтыр 70-89 жас аралығындағы әрбір оныншы тұрғын жұмыс істеген. Бұл  жалпы саны 18 300 адам. Осы жастағы ерлердің 14%-ы, әйелдердің 8%-ы еңбек еткен, олардың жартысынан астамы толық емес жұмыс күні бойынша жұмыс істейді.

Деректер сондай-ақ жоғары білімді адамдардың, орта білімділерге қарағанда, еңбек жолын ұзақ жалғастыратынын көрсетеді. Таллинн университетінің Қоғамдық ғылымдар институтының аға ғылыми қызметкері Лийли Абуладзенің айтуынша, қарт адамдардың жұмыс істеу себептері әртүрлі.

— Эстонияда ең кең таралған себеп — қаржылық қажеттілік. Бұл Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда қарттардың кедейлік қаупінің жоғары екенін растайды. Бірақ шамамен соншалықты адам жұмысты қажет деп санайды немесе еңбектен ләззат алады. Адамдар қоғамға үлес қоса алатынын, өздерін қажет екенін сезінеді. Сондай-ақ, кейбіреулер үшін бұл қоғамның бір бөлігі болып қала беру және өздерін белсенді сезіну мүмкіндігі, — деді ол.

Қоғамдық салдары

Аллан Пуурудың айтуынша, халықтың қартаюы мемлекеттің зейнетақы мен денсаулық сақтау шығындарын арттырады. Сонымен қатар, бұл қарт адамдардың сайлаудағы саяси салмағын күшейтеді. Оның пікірінше, соның нәтижесінде қоғамның ұзақ мерзімді назарын жастарға қатысты тақырыптардан (білім беру, отбасылық саясат) қарттардың қажеттіліктеріне қарай бұруға әкеледі. 

Айта кетелік Түркиядағы қарттар саны 96 елдің халқынан көп