Эстрада жұлдыздары жаппай ХҚО-ға жұмысқа «тұрып жатыр»

АСТАНА. ҚазАқпарат -Танымал өнер жұлдыздары халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарға құжаттарды тіркеу және басқа да қызметтерді көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азаматтарға арналған үкімет бүгін еліміз бойынша атап айтқанда Астана, Алматы қалалары және Ақмола, Алматы облыстарында «Өнер жұлдыздарының ХҚКО-дағы бір күні» атты акциясын өткізді.

«Акцияның мақсаты шараға танымал тұлғаларды қатыстыра отырып, ХҚКО қызметкерлерінің жұмысының ерекшеліктерін таныту. Себебі ХҚКО-на азаматтар қандайда бір құжаттарды реттеу үшін келеді. Ал ол құжаттарды реттеу барысында түрлі кедергілер мен түсініспеушіліктер туындайды. Сол кезде алдымен халықпен байланысқа түсіп, азаматтармен тіл табыса білу, туындаған проблеманы дау-дамайсыз шешу маңызды. Бұл істі білікті мамандар ғана жүзеге асыра алады. Акцияны ұйымдастырудағы мақсат та ХҚКО қызметкелерінің біліктілігін таныту», -деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай.

 Сонымен қатар департамент директоры үстіміздегі жылдың жеті айы бойынша азаматтарға арналған үкімет корпорациясы арқылы 27 млн-нан астам қызмет көрсетілгенін тілге тиек етті.

Акция барысында өнер жұлдыздары орталықтың қызметкері ретінде толық жұмыс істеді, яғни құжаттарды тіркеу, тұрғылықты мекен-жай анықтамасын беру, автокөліктердің айыппұлын төлеу тағы басқа қызметтерді жүзеге асырды.

«Бүгінгі шарада ХҚКО қызметкері бола отырып түсінгенім, бұл жұмыс оңай емес. Себебі, әр адам түрлі құжаттармен, түрлі сұрақтар бойынша келеді, ал сен сұрақтарға дереу әрі дұрыс жауап беруің керек. Өз басым ХҚКО-ның қызметкеріне керекті екі қасиетті ұқтым, ол кішіпейіл болу, сосын сабырлы болу, әсіресе төзімділік ауадай қажет»,- деп өз ойымен бөлісті белгілі әнші Қыдырәлі Болман.

Халыққа қызмет көрсету акциясына Қыдырәлі Болман, Құрмаш Маханов, Айжан Нұрмағанбетова, Шахаризат Сейдахмет секілді тағы басқа белгілі әншілер қатысты.