Ет импорты бойынша квота қалай бөлінеді

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанға еттің жекелеген түрлерін импорттауға арналған тарифтік квоталарды сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында бөлу тәртібі өзгеруі мүмкін. Тиісті бұйрық жобасы « Ашық НҚА » порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Құжатқа сәйкес, тарифтік квота үлесін тарихи және жаңа өнім берушілер арасында 80/20 арақатынасында бөлу ұсынылып отыр. 

– Жоба бұйрығымен Қазақстан Республикасына еттiң жекелеген түрлерiн әкелуге арналған тарифтiк квоталарды сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында бөлу қағидаларын қайта бекіту, сондай-ақ тарифтік квота үлесін тарихи және жаңа өнiм берушiлер арасында тиісінше 80/20 арақатынасында қайта бөлу көзделеді, – делінген құжатта.

Жоба Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеуге қатысты талаптарына, сондай-ақ 2026 жылғы 5 маусымда өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес әзірленген.
Құжат бойынша қоғамдық талқылау 9 қыркүйекке дейін жалғасады.

Айта кетейік, ет өнімінің экспорты 50 пайыз өскенін жазғанбыз.

Сонымен қатар Оралда ет өнімдерін «жалған» сертификаттау дерегі анықталған еді.