Мал шаруашылығы саласында тұрақты оң динамика сақталып отыр. Негізгі ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрі бойынша мал саны өсіп, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де ұлғайып жатыр.
2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ірі қара мал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 325,2 мыңға өсіп, 9,8 млн-ға жетті. Қой саны 23,5 млн болып (+363,1 мың), жылқы — 5,1 млн (+339,8 мың), түйе — 322 мың (+7,5 мың), құс саны — 48,2 млн (+291,5 мың).
Малдың өсуі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің артуына ықпал етіп отыр. Биыл қаңтар–сәуір айларында барлық ет түрі бойынша өндіру көлемі 338,2 мың тонна болып, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 мың тоннаға артты.
Атап айтқанда, сиыр етін өндіру көлемі 112,9 мың тоннаға жетіп, 6,5 мың тоннаға ұлғайды. Қой етін өндіру 34,7 мың тонна (+2,6 мың тонна), жылқы етін өндіру 39,8 мың тонна (+1,4 мың тонна) болды.
Өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік бар. Осы мақсатта жайылымдық инфрақұрылымды қамтамасыз ете отырып, шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Жайлау» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылып жатыр. Бағдарлама аясында несие жылдық 6%-бен 10 жыл мерзімге беріледі.
Өндірістің өсуі саланың тұрақты дамуын, шаруашылықтардың өндірістік әлеуетінің нығаюын және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті ресурстардың бар екенін көрсетеді.
— Сәуір–мамыр айларында байқалған қой еті бағасының өсуіне келсек, бұл уақытша әрі маусымдық сипатта болды. Бағаның көтерілуіне негізгі себеп — биыл мамыр айының соңына сәйкес келген Құрбан айт мерекесіне дайындық және оны өткізу кезеңінде сұраныстың дәстүрлі түрде артуы. Қазір Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ел бойынша қой етінің орташа бағасы келісіне 4 209 теңге. Қой етінің сатып алу бағасы шамамен келісіне 200 теңгеге төмендегені тіркеліп отыр. Осылайша, байқалған баға өсімі өнім тапшылығымен байланысты емес. Қазіргі өндірістік көрсеткіштер саланың тұрақты дамып келе жатқанын және ішкі нарықтағы ұсыныс көлемінің жеткілікті екенін растайды, — делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетелік Орталық Азия елдерінде қой бағасы қанша екенін жазған едік.