Этика ісі: Таиланд соты премьер-министрдің тағдырын 29 тамызда шешеді
АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд Конституциялық соты Пхетхонгтхан Чинават ісі бойынша шешімді 29 тамызда шығарады, деп жазады Синьхуа.
Таиланд Конституциялық соты сәрсенбі күні мәлімдеме жасап, этикалық нормаларды бұзды деген айыппен уақытша қызметінен шеттетілген премьер-министр Пхетхонгтхан Чинаватқа қатысты шешімді 29 тамызда жариялайтынын хабарлады.
Соттың мәліметінше, 21 тамызда екі куәгердің, оның ішінде Пхетхонгтхан Чинават пен Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысының қатысуымен тыңдау өтеді.
Тараптар — талапкер немесе жауапкер — егер қорытынды дәлел келтіргісі келсе, 27 тамызға дейін сотқа жазбаша нұсқада ұсынуы қажет.
Айта кетейік, 1 шілдеде сот сенаторлар тобының талап-арызын қабылдағаннан кейін Пхетхонгтхан Чинаватты қызметінен уақытша шеттету туралы шешім шығарған болатын. Бұл талап үкімет пен Камбоджа арасындағы шекара мәселесіне қатысты жасырын телефон әңгімесінің жария болып кетуімен байланысты туындаған.
Былтыр тамызда 37 жастағы Пхетхонгтхан Чинават король Вачиралонгкорнның ресми мақұлдауын алғаннан кейін Таиландтың ең жас премьер-министрі болып тағайындалды.
Пхетхонгтхан — бұрынғы премьер-министр Таксин Чинаваттың кенже қызы. Ол 2001-2005 және 2011-2014 жылдары бұл қызметте болған әкесі мен тәтесі Йинглак Чинаваттың ізін жалғастырып отыр. Сайлау қорытындысы бойынша ол — елді басқаратын екінші әйел және Чинават отбасының осы лауазымды атқарған үшінші мүшесі.