Атырау облысында 18 гектар аумақта қамыс пен қопа әлі бықсып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауды басып қалған күйік иісіне себеп болған өрт қала аумағында сөндірілгенімен ауданда әлі бықсып жатыр.
6 қазан күні кешкілік уақытта Атырау қаласынан Каспий теңізіне қарай 20 шақырым жерде жалпы ауданы 1 га құрғақ шөп өртенді.
Бұл ошақты ТЖД қызметкерлері 23:00 шамасында анықтаған. Өрт 7 қазан түнгі 01:12–де толық сөндірілді.
Бүгін, 7 қазан күні қала аумағында түтін иісі сезілуіне байланысты барлау жұмыстары жүріп жатыр. Алайда ешқандай өрт ошағы анықталмады.
Атырау облыстық ТЖД Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы ауылынан 67 шақырым жерде Жаркаса каналының қарсы бетінде, Каспий теңізінің жағалауында жалпы ауданы 30 га болатын қамыс пен қопаның бықсып жатқанын хабарлады.
Оқиға орнында 31 адам мен 5 техника жұмыс істеп жатыр.
Бүгінде 12 гектарда өрт толық ауыздықталған. Қызыл жалынды сөндіру жұмысы жалғасып жатыр. Елді мекендерге қауіп жоқ.
Еске сала кетейік, кеше түнде Атырауда жайлаған күйік иісіне байланысты жедел штаб отырысы өткен болатын.