Этикеткаларды сканерлеуге арналған WIPON қосымшасын 30 мың қазақстандық жүктеді - ҚР ҚМ МКК

АСТАНА. ҚазАқпарат - Этикеткаларды сканерлеуге арналған WIPON қосымшасын 30 мың қазақстандық жүктеп алды. Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты Даму және жаңғырту департаменті Жобалар және жаңғырту басқармасының басшысы Жамбыл Сұрағанов мәлім етті.

«2015 жылы WIPON мобильдік қосымшасын іске қосқан едік. Біз бұл жайында бірнеше рет айтқан едік. Дегенмен, мен тағы да бір мәрте оның біздің отандық әзірлеме екендігін атап өткім келеді. Ұялы телефондарыңызға жүктеп алуға болатын бұл қосымша контрафактілі алкоголь өнімдерін анықтау үшін пайдаланылады. Сіз акциздік марканы сканерлегеннен кейін ол жайындағы мәліметтер МКК серверіне беріледі», - деді ол.

Ж.Сұрағановтың атап өтуінше, бұл қосымшаны бұл күнде 30 мың пайдаланушы телефонына жүктеп, олар 30 мыңнан астам өнімді сканерлеген. Ал сканерленген өнімнің 31 пайызы  контрафактілік өнім болған. Осы ретте айта кетерлігі, 2016 жылдың 1 тоқсанында салық органдары 457 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 409966 шөлмек контрафактілік алкоголь өнімі анықталған.