Етке деген сұраныс артты: әлемдегі жағдай Қазақстанға қалай әсер етті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ет бағасына қандай факторлар әсер етіп отырғанын түсіндірді.

Фото: Kazinform / Nano Banana

Министрдің айтуынша, бағаның өсуіне қарамастан, нарықтағы жағдай тұрақты күйінде қалып отыр.

- Бүгінде баға динамикасы қалыпты өсу деңгейін байқатты. Өсім бар, бірақ ол біркелкі деңгейде. Ең бастысы – сатылымда ет бар. Мәселен, біз өткен демалыс күндері нарықтағы бағаға мониторинг жүргіздік: сүйекті сиыр етінің бағасы – 3 700 теңге. Бөлшек сауда желілерінде баға сәл жоғарылау. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, негізгі мәселелерді шешіп жатырмыз, – деді А.Шаққалиев.

Министр инфляцияның себептерінің бірі ретінде шетелдік нарықтардағы, соның ішінде Таяу Шығыстағы оқиғаларды атап өтті.

- Бағаның өсу себептері белгілі. Қазіргі уақытта етке деген жалпы сұраныстың өте жоғары екенін байқап отырмыз. Былтыр Дүниежүзілік азық-түлік ұйымының сиыр етін әлемдік тұтынуға қатысты деректерін зерделедік. Парсы шығанағындағы оқиғалар қой еті бағасының құбылмалылығына әсер етті. Дегенмен қазіргі кезде бағаның күрт ауытқуы байқалған жоқ. Бағалар расымен де өзгеріп тұрады, бірақ жалпы алғанда тұрақты және қазіргі уақытта мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуде ешқандай іркіліс жоқ, - деді ведомство басшысы.

Ет өніміне деген жаһандық сұраныстың жоғары болуы бағаның өсуіне және қой етін тұтыну көлемінің артуына да ықпал етті.

- Шынында да, Қытай мен Африкада тұтыну айтарлықтай артты. Жалпы алғанда, бүкіл әлемде сұраныс өзгеріп жатыр. Еліміз жаһандық процестердің ажырамас бөлігі екені түсінікті. Егер Өзбекстанда сұраныс артса, онда бизнес өкілдері сол нарықты таңдайтын болады. Баға тек тұтынушы үшін ғана емес, сонымен қатар өндіруші үшін де әділ болуы тиіс деп әрдайым айтып келеміз. Бұл тепе-теңдікті нарық қалыптастырады. Сондықтан экспортқа деген сұраныс жоғары, яғни бұл жағдай бағаның құбылуына әсер етеді, - деп түсіндірді министр.

Tт өнімінің экспорты 50 пайыз өскенін жазған едік.