Этникааралық тақырыпта жазатын журналистер мамандармен өзара байланыста болуы қажет - Е.Тоғжанов

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - Этникааралық тақырыпта қалам тартатын журналистер мамандармен өзара байланыста болуы қажет.

Бұл пікірді бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Этномәдениет және БАҚ» тақырыбында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этникааралық қатынастар мәселелері жөніндегі сарапшылар мен Жетекші журналистер клубының отырысында Ассамблея төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов білдірді.

«Этножурналистиканың өзіндік ерекшелігі бар. Биліктің, қоғамның, оның ішінде журналистік қауымдастықтың, толықтай алғанда азаматтық қоғам институттарының, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының өзара әрекеттесуінің нәтижесінде ғана біз ортақ түсіністікке қол жеткізе аламыз», - деді Е.Тоғжанов.

Ол сонымен қатар қазақстандық БАҚ-тарда этникааралық саланы жазып көрсету өткен жылдармен салыстырғанда мүмкіндігінше жүйелі сипатқа ие болып отырғандығын баса айтты. Оның пікірінше, этникааралық қатынас мәселесіне қалам тарту үшін тілші сол салаға мамандануы және материалдарды дайындау барысында білікті мамандардан кеңес алуы қажет.