Еділ Құсайынов көрермендерге бірегей концерттік бағдарлама дайындады. Кеш қонақтарын би ұжымдарының әсем өнері, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалатын театрландырылған қойылымдар күтіп тұр. Концертте «Мереке», «Алтын Орда», «Бабалар сазы» классикалық күйлері, сондай-ақ этникалық музыканы сүйіп тыңдайтындар үшін жаңа композициялар орындалады.
Шығармашылық кешке танымал композитор Ринат Ғайсин және виртуоз-домбырашы Асылбек Еңсепов сынды Еділ Құсайыновтың достары да қатысады. Концерттің арнайы қонағы - белгілі музыкант, Молдованың халық әртісі Константин Москович.
Еділ Құсайынов - композитор, солист-орындаушы, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, шаңқобыз секілді қазақтың көне музыкалық аспаптарында ойнайды. Ол вокалдың сирек кездесетін түрі - көмеймен ән орындайды.
Еділ Құсайынов - Еуропа, АҚШ және Азия елдерінде өткен көптеген халықаралық фестивальдердің қатысушысы. Нью-Йорктің Карнеги-холл, Вашингтондағы Кеннеди-орталығында және Париждегі ЮНЕСКО Залы секілді әйгілі орталықтарда өнер көрсеткен. В 2006 жылы лондондық Альберт холлда және Токиода шығармашылық кешін өткізген.
Еділ Құсайыновтың шығармашылығы - көне заман мен бүгінгінің синтезі. Музыкант фольклор, этно-симфоникалық және этно-джаз, рок-музыка жанрында жұмыс істейді. «Бұлбұл заман» атты жинақтарының біреуін әйгілі Битлз - Эбби роуд студиясында жазған. «Құрақ көрпе», «Келін» және «Аңшы бала» көркем кинокартиналарына жазылған музыкалық туындылардың авторы.