Этносаралық келісім: Ерлан Қарин республикалық жиында басым бағыттарды белгіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне арналған республикалық жиын өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімдері басшылары мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан басқосуда этносаралық қатынастар саласындағы өзекті мәселелер қаралды.

— Ерлан Қарин жаңа Конституцияның қағидаттары мен нормаларын нақты жүзеге асыруға және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге қатысты бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға ерекше назар аударды, — делінген хабарламада.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Бұған дейін мемлекеттік кеңесші Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде жиын өткізгенін жаздық.