Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды қазАқпарат.
Оның айтуынша, ең алдымен әлемдік экономикалық-қаржылық дағдарыс жағдайында кедейшілік пен жұмыссыздықты қосқанда, сөз жоқ әлеуметтік-экономикалық проблемалдар ушығады. Бұл ретте бірқатар әлеуметтік проблемалар этникалық сипат алуы мүмкін. Бұл ең алдымен шетелдік жұмыс күштерін тартып жатқан кәсіпорындарға
қатысты. «Екіншіден, теңдестірілген және салмақталған тіл саясатын одан әрі жүргізу, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, іс жүргізулерді мемлекеттік тілге көшірудің өзекті мәселелерін қарастыру қажет. Үшіншіден, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, азаматтық борыш сезімі және біздің ортақ Отанымызға адалдық - этникаралық қатынастарды үндестірудегі, этникааралық төзімділіктің қазақстандық моделін қалыптастырудағы маңызды фактор. Төртіншіден, этникааралық төзімділік мәселесінде халықтың құқықтық мәдениетін көтеру қажет. Сараптама тұрмыстық ұлтшылдық және қарапайым тәрбиесіздік пен әдепсіздік кей-кейде этникаралық сипатқа ие болатын тұрмыстық және криминалдық дау-жанжалдардың негізгі себептері екенін көрсетіп отыр», деді Қ. Саудабаев.
Осы орайда қоғам мұндай фактілерге қатаң қарауы тиістігін айтқан ол: «Тұрмыстық ұлтшылдықтың көрініс тапқаны үшін жауапкершілікті күшейтетін құқықтық тетіктер керек. Бұнда біздің этномәдени бірлестіктер, Ассамблея кеңесі белсенді және оң роль атқаруы тиіс», деді.
Қ. Саудабаев мемлекет елдегі бейбітшілік пен келісімді одан әрі нығайтуда өз тарапынан барлық қажетті жағдайды жасайтынын атап көрсетті.