Этносаралық татулықты нығайту жолында этномәдени орталықтардың атқаратын қызметі зор - маман

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Абай қонақүйінде «Ырыс алды - ынтымақ» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Оған этномәдени бірлестіктердің басшылары, Астана қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар қызметкерлері және қала жастары қатысты.

«Қазақстан өзінің полиэтникалық құрылымы жағынан да, сол көп ұлттардың бірлігін бекітіп, ынтымағын нығайту саясаты жағынан да әлемдегі дара елдердің бірі. Өйткені тәуелсіздіктің елең-алаңында билік конфессияаралық және этносаралық мәселелерге баса назар аударып, ұлттар мен ұлыстардың береке-бірлікте қандай да болсын қиындықты жеңуіне үлкен көңіл бөлді. Бүгінде сол саясаттың жемісін көріп, күллі әлемге үлгі болып отырмыз», - деп атап өтті отырыс барысында Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Сыздықов. Ал Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Гүлнар Тайгокованың айтуынша, этносаралық татулықты нығайту жолында этномәдени орталықтардың атқаратын қызметі зор. Олар әлеуметтік институттар ретінде түрлі этностар мен диаспора өкілдерінің рухани, мәдени қажеттіліктерін өтеп келе жатыр. «Осы жолда Қазақстан халқы Ассамблеясы Астана қаласы бойынша филиалының көтерген жүгі жеңіл емес. Ол мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктер арасындағы алтын көпір іспетті», - деді ол. Айта кетейік, бүгінгі таңда ұлтаралық ынтымақты нығайтуға өлшеусіз үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына 24 этномәдени орталық кіреді.