Етті мал шаруашылығын дамыту жобасы ауыл шаруашылығы мамандарының болашақтағы жұмысына қызықты бағдар болмақ - аграрлық ЖОО

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Етті мал шаруашылығын дамыту бойынша теңдессіз жобаны жүзеге асыру - ауыл шаруашылығы мамандарының болашақтағы жұмысына қызықты бағдар болмақ.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауына қатысты бұл пікірін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Александр Майер білдірді.

А.Майер, Президент өз Жолдауында қазақстандықтардың өмір сапасын одан әрі арттыру бойынша стратегиялық міндеттерді қойғандығын айта келе, ерекше назарды аграрлық секторды дамытуға бөлгендігін атап өтті.

«Елбасы Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту үшін бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылатындығын айтты. Бұл елдегі ауыл шаруашылығы мамандарының болашақтағы жұмысына қызықты бағдар болады. Бұл саланы дамыту еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ұстанымдарын бекітуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауылда қосымша жұмыс орындарын құрып, Елбасы айтпақшы, бір-бірімен сабақтас салаларда өндіріс көлемін арттыруға септігін тигізеді», - деді ол.

Проректор атап көрсеткендей, Н.Назарбаев халыққа арнаған өз Жолдауларында әлеуметтік саланы дамытуға қашан да ерекше орын беріп келеді. «Әлеуметтік сала немесе әлеуметтік саясат - Жолдаудың тағы бір «екпінді» бөлігі», - дейді А.Майер.

«Қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтерге кіру қажеттігі туралы айтқан ойы да көңілге қонымды болды. Себебі бұл қазақстандық білімнің деңгейін бүкіл әлемге паш етуге айқын жол. Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жаңа белестерді бағындыруға ынталандыратынына және барлық міндеттер тиісті дәрежеде өмірге енгізілетініне сенімдімін», - деді ол.