Брюссельде «Азия - Еуропа» форумының 12-ші Саммиті (АСЕМ) кулуарында Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкер мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, соның ішінде ЕО-Қазақстан бизнес форумын құру мәселесін талқылады. Айта кетейік, Қазақстан басшысымен кездесу Жан-Клода Юнкер үшін екіжақты кездесулер аясындағы алғашқысы болды.
АСЕМ саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі әлемде, өкінішке қарай, өнімді диалог пен өзара түсіністік жоқ екенін қадап айтты.
«Бүгінде баршамыз өткен ғасырдың 60-жылдарындағы Куба дағдарысы секілді экономикалық, саяси және әскери текетірестерге куә болып отырмыз. Бұған НАТО шекарасының Ресейге жақындап келе жатқаны да әсерін тигізіп жатыр», - деді Қазақстан Президенті өз баяндамасында.
Шынында да, Ресей мен Батыстың егесуі үрейлендіретіндей жағдайға жетті. АҚШ-тың НАТО-дағы елшісінің жуырда жариялаған мәлімдемесі 1961 жылғы Куба зымыран дағдарысының сюжеттерін еске салған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев Астана дипломатиялық платформа болуға дайын екенін жеткізді.
«Мен АҚШ, Ресей, Қытай, ЕО басшыларын жиналып, бүкіл проблемаларды талқылауға шақырамын. Бәлкім, осы тақырыпта БҰҰ-ның арнайы сессиясын шақыру қажет болар», - деді Қазақстан Президенті.
Екіжақты кездесуде Жан-Клод Юнкер 2008 жылғы Қазақстанға сапары, Нұрсұлтан Назарбаевпен халықаралық ахуал жайындағы сұхбаты есінде жақсы сақталғанын айтып, тұрақты кездесулерге үміт артатынын білдірді. Кездесуде Жан-Клод Юнкер мен Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі арқылы өңірлік ынтымақтастықты дамыту және екіжақты өзара ықпалдастықты тереңдету мәселелерін талқылады.
Бұдан тыс, Нұрсұлтан Назарбаев Франция президенті Эммануэль Макронмен де кездесті. Қазақстан Президенті елімізде ондаған француз компаниялары қызмет жүргізіп отырғанын, өзара сауда айналымы 5 миллиард АҚШ долларына жететінін айтты. Бұл Макрон 2017 жылғы мамырда лауазымына кіріскелі бері, екі лидердің алғашқы кездесуі болды, деп хабарлайды EURACTIV Европа медиа-платформасы.