ЕурАзЭҚ қатысушы елдерінің көшбасшылары Қоғамдастықтың 2015 жылға дейінгі жұмысы туралы шешім қабылдайды

МӘСКЕУ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мәскеуде ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы аясында Қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінің Хатшылығын қысқарту туралы мәселе қаралады.

Отырыстың ашылуында РФ Президенті Владимир Путин қоғамдастықтың өз алдына қойған мақсаттарын орындағанын атап өтті: Кедендік одақ өз жұмысын бастады, Бірыңғай экономикалық кеңістік іске қосылды, ортақ реттеу органы - Еуразиялық экономикалық комиссия құрылды.

«Енді, көпжылдық жұмысының соңында ЕураАзЭҚ БЭК-ке ықпалдастықты одан әрі тереңдету бойынша функцияларды тапсыруда. ЕурАзЭҚ қызметі саласының өкілеттігі айтарлықтай қысқарады, бұл бірлестікті қайта құру қажеттігін білдіреді», - деді ол.

РФ Президенті отырыстың міндеті - Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін ЕурАзЭҚ-тың  2015 жылға дейінгі қызметінің ауқымы мен өлшемдерін қалыптастыру екенін атап өтті.

Ол ЕурАзЭҚ мүше-елдерінің сарапшылары бүгінгі отырыстың күн тәртібін, сонымен бірге ұйымның 2013 жылға арналған бюджеті мен халықаралық қызметінің тұжырымдамасын әзірлеуде  тиімді жұмыс атқарғанын атап өтті. «Бұған дейін ашық тұр деп саналған барлық мәселелерді шештік және реттедік», - деді В.Путин.  

Бұл отырыста 2013 жылға арналған ЕурАзЭҚ бюджеті және Қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті хатшылығын оңтайландыру мәселелері талқыланады.