Еуразия кіндігіндегі бас қаламыз - Астанаға 18 жыл толды
Астана күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар жылдағы дәстүр бойынша «Атамекен» этномемориалды кешені алаңында Мемлекеттік туды көтеру рәсімімен басталды. Салтанатты рәсім аясында Мемлекет басшысы - Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды.
Қазақстан Президентінің қолынан 12 түлек - Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтының, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер әскери институтының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери институтының үздік бітірушілері шен алды.
Елбасы жиналғандарға арнаған сөзінде мемлекеттік ту әрбір қазақстандық үшін қасиетті құндылық болып саналатын ұлттық бірлік нышаны екенін атап өтті.
- Бұл - тәуелсіздігінің 25 жылдығын биыл тойлайтын еліміздің асқақ рәмізі. Біз егемен Қазақстанды осы көк ту астында бірге құрдық. Ширек ғасыр ішінде қуатты мемлекеттің іргесі берік ғимаратын бірлесіп салдық. Жақында ғана республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Әлемдік қоғамдастық планетадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне атсалысу сынды биік миссияны Қазақстанға сеніп тапсырды.
Бұл - еліміздің биік беделі мен табысты дамуының мойындалуы. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмыс біздің туымызды бұрынғыдан да танымал ете түседі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы республиканың жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектерін құттықтап, қазақстандық патриотизм түрлі салада, соның ішінде ең алдымен Отанға қызмет етуде көрініс табатынын айтты.
- Бүгін біз жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырамыз. Осы күндері мыңдаған қазақстандық жас оқуын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Сіздер өз жолдарыңызды елдің бас байрағының алдында, салтанатты жағдайда бастап отырсыздар. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені сіздер қоғамда құрметке ие айрықша мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер бірнеше жылды жақсы білім алуға, жаңа машықтарды игеруге, достық пен өзара көмектің құндылығын түсінуге арнадыңыздар. Енді осының бәрін тәжірибеде қолдану керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы мемлекеттік ту көтеру рәсімі дәстүр бойынша Астана күніне арналған іс-шаралардың бастауы болып саналатынына назар аударды.
Биыл кәмелеттік жасқа толған бас қаламыздың еліміз өміріндегі орны мен рөліне тоқталып өткен Нұрсұлтан Назарбаев, мерейлі мереке қарсаңында елорданың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін айтты. «Бүгін ертеңгісін Мұхамедияровтар отбасында Астананың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін зор қуанышпен хабарлаймын. Сәбидің анасы - балабақша тәрбиешісі, әкесі - электр монтері. Енді біздің елорда миллион тұрғыны бар қалалар қатарына енді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы барша Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтап, бейбітшілік пен татулық, тыныштық пен бақ-береке тіледі.
Астана күніне арналған жоғары деңгейдегі шаралардың бірі - Мемлекет басшысы қатысқан салтанатты қабылдау. Еңсесі биік елордамыздың туған күніне арналған салтанатты қабылдауға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, зиялы қауымның, іскер топтар мен мәдени-ағартушылық ортаның өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы биыл Астана күні айрықша мәнге ие екенін, өйткені ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында тойланатынын айтты.
- Елорда кез келген елде бар жақсы нәрсенің бәрін өзіне шоғырландыра отырып, нақты мемлекеттің өмірін бейнелейді. Елорда - әрбір ұлттың ұстыны. Қазақстандықтар үшін Астана да осындай мегаполиске айналды. Жаңа елорданың негізін қалау Отанымыздың тәуелсіздік тарихының алтын парақтары болып саналады. Астана біз үшін - бірігудің, тұтастықтың, халқымыздың өз күшіне, ерекше мүмкіндіктеріне деген сенімінің рухтандырушы рәмізі. Астана рухы ғасырлық дәстүрлерді, даналықты, халықтың шығармашылығын, Қазақстан халқының өткенін, қазіргісі мен келешегін сабақтастырады. Біздің мемлекетімізде, экономика мен қоғамда тәуелсіздік жылдары болған түбегейлі өзгерістер елордамызда айнадағыдай көрініс тапқан, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы осы жылдары Астанада қаланың одан әрі дамуына ықпал еткен халықаралық деңгейдегі көптеген ірі іс-шаралар өткеніне тоқталды.
- Астана ЕЫҚҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы алғашқы саммитін қабылдады, ЭКСПО дүиежүзілік көрмесінің 17-ші астанасы атанды. Мұнда әлемнің 57 ислам мемлекетінің көшбасшылары қатысқан конференция және Қазақстанды танымал еткен басқа да көптеген халықаралық форумдар өтті. Бұл - біздің астанамызды әлемдік қоғамдастыққа жоғары деңгейде танылуының көрсеткіші. Астана бүгінде болашаққа көз тігеді, қаланың даму қарқыны оны өмір сапасының жаңа стандарттарының үлгісіне, бүкіл Еуразия үшін инновациялық дамудың урбанизациялық моделіне айналдырады. Мұнда жаңа өндірістер іске қосылып, шағын және орта бизнес дамып жатыр. Қала инфрақұрылымы жақсаруда, жаңа мәдениет және демалыс нысандары ашылуда, - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, елорда қазіргідей күрделі уақытта да қарқынын түсірмей, қалған өңірлерді қолдап, бүкіл Қазақстанға сарқылмайтын күш-қуат беріп отыр.
- Осы уақыт ішінде үлкен жолды артқа тастадық, көп нәрсе жасалды, бірақ жасайтынымыз әлі де көп. Біз бұған дайынбыз, ол үшін қажетті мүмкіндіктер мен құлшыныс бар. Астана біздің тәуелсіздігіміздің, дамудың шынайы көрінісіне, азаттық пен инновация рухына айналды. Қазақстандықтар үшін жаңа елорда, бұл - Отанымыздың жүрекке жақын, тартымды орталығы, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтап, бақыт пен бақ-береке тіледі.
Алмағайып кезеңде ел астанасын Арқаға көшіру жөніндегі батыл қадамы ең ұтымды шешім деп бағаланған Нұрсұлтан Назарбаевтың басты жобасының бірі - сәулеті мен дәулеті күннен күнге асып, айбыны мен ажарына әлем көз тіккен елордамыз бен елбасының туған күні қатар келіп, бүгінде егіз ұғымға айналғандай. Мұны Астана күні Мемлекет басшысының атына шетел мемлекеттері мен үкімет басшыларынан келген толассыз құттықтаулар легі де айғақтап тұрғандай. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин өз құттықтауында екі ел арасындағы одақтастық пен стратегиялық серіктестікті дамытудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне баға жетпейтінін айтады. Сондай-ақ ол Елбасының еуразиялық кеңістіктегі тату көршілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өткен. «ЕАЭО көбіне-көп Сіздің жеке күш-жігеріңіз арқылы көпжақты ынтымақтастықтың әлемдік аренадағы елеулі беделге ие тиімді құрылымы ретінде бекіді. Сізбен достық қарым-қатынасымыздың және Ресей-Қазақстан байланыстарының бүкіл ауқымын одан әрі нығайту бағытындағы бірлескен сындарлы жұмыстардың жалғасатынына сенемін», - делінген хатта.
В.Путин Қазақстан Президентіне зор денсаулық, бақыт және мемлекеттік қызметте жаңа табыстар тіледі.
Беларусь елінің басшысы А.Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына қажырлы қызметі елдегі жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістердің табысты болуының кепілі екенін атап өтті. «Сіздің бастамаларыңыздың арқасында Қазақстан интеграциялық өзара іс-қимыл мәселелерінде де, әлемдік аренада да қуатты, серпінді дамып келе жатқан мемлекет ретінде беделге ие болып отыр. Беларусь пен Қазақстан арасындағы жоғары деңгейдегі дәстүрлі диалогтың жалғасуы елдеріміздің бақ-берекесін арттыру жолындағы жемісті ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», - делінген жеделхатта.
Қырғыз елінің президенті Алмазбек Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, елдеріміздің одақтастық қарым-қатынасы мен стратегиялық серіктестігін нығайту ісіндегі Қазақстан Президентінің еңбегі Қырғызстанда жоғары бағаланатынын атап өтті.
Елбасының туған күніне орай игі тілектерін жолдаған Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әлеуметтік-экономикалық дамуда және әлемдік аренадағы беделін нығайтуда елеулі жетістіктерге жеткенін, Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев Нұрсұлтан Назарбаевтың елдеріміз арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестік қатынастарды дамытудағы еңбегі зор екенін атап өткен.