«Еуразия» кинофестиваліне әлем жұлдыздары келе ме
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда өтетін XVII «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне танымал түрік режиссері Нури Билге Джейлан келеді.
XVII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің директоры Айдар Омаровтың айтуынша, басымдық әлем жұлдыздарына емес, кино мамандарына беріледі.
«Осыған дейін өткен «Еуразия» кинофестивальдерінде басымдық гонарары жоғары әлем жұлдыздарына берілетін. Ол бір күнге келіп, бюджеттің қомақты ақшасын қалтаға салып кетеді. Биыл ондай жұлдыздар болмайды. Дегенмен, осы уақыт аралығында фестивальдің киноиндустрия саласында өзіндік маңызды орны бар екенін дәлелдеді. Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын орталық алаңға айналды. Сондықтан, біз назарды іскерлік алаңға бағыттауды жөн көрдік. Осы жолы кино саласына пайдасы тиетін мамандарды шақырып отырмыз. Олар қазақстандық киноның дамуына ықпал ететіні сөзсіз», — деді Айдар Омаров.
XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламалық директоры Диана Әшімованың айтуынша, халықаралық байқаудың әділ қазылар алқасына танымал түрік режиссері Нури Билге Джейлан төрағалық етеді.
«Біз үшін жұлдыздар кім? Бұл медия өкілдері екені анық. Алайда, мен шын мәнінде жұлдыздар — режиссер, түсіру тобы, фильмді жасайтын адамдар деп ойлаймын. Осы жолы фестиваль жұмыс алаңы ретінде болмақ. Яғни, дебютанттарға халықаралық қорлармен қалай жұмыс істеу керектігін, шетелде қаржыландыруды қалай алуға болатынын көрсетуге тырысамыз. Биыл халықаралық қазылар алқасының төрағасы атақты түрік кинорежиссері, Канн кинофестивалінің бірнеше дүркін жеңімпазы және «Алтын пальма бұтағының» иегері Нури Билге Джейлан болады.Ол халықаралық байқау фильмдерін бағалап, фестиваль қонақтарымен шығармашылық кездесу өткізеді», — деп атап өтті ол.
Еске салайық, әр жылдары фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Катрин Денев, Кевин Костнер, Изабель Аджани, Пьер Ришар, Софи Марсо, Джереми Айронс, Орнелла Мути, Стивен Сигал, Сигурни Уивер, Жерар Депардье және басқа да көптеген әлемдік кино жұлдыздары болған.
Осыған дейін, XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалі демеушілер есебінен өтетіні туралы жазған едік.