«Еуразия мәдени кеңістігіндегі Шоқан Уәлихановтың мұрасы»-ғалымдар пікірі

Фото: None
ТАУ. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетауда Шоқан Уәлихановтың туғанына 175 жыл толуына орай халықаралық конгрес өтті. «Еуразия мәдени кеңістігіндегі Шоқан Уәлихановтың мұрасы» деген тақырыппен өткен шарада әлемнің әр қиырынан келген ғалымдар ғұламаның танымдық ілімдерін, археологогиялық жазбаларын, этнографиялық сызбаларын әр қырынан тарқатып, олар жайлы өз пайымдауларын білдірді.

Осы орайда Қазақ ақпарат агентігінің тілшісі Ж. Жанайдаровтың Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуевпен, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Баймырза Қожамберлиевпен, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейдан Жолдасбаевпен болған сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

ЖАНАЙДАРОВ: Қазақ салты бойынша Шоқан да бала жасынан жетi атасын біліп өскен. Осындай тектi ата-бабасының болғандығы Шоқанның тарихқа деген қызығушылығын ерте оятқандығы ақиқат. Ол халықтың еркiндiк үшiн күресiн жырланған ауыз әдебиетi үлгiлерiне зейiн қойып, жазып алып жүрген. Осы жайында не айтуға болады?

ӘБУЕВ: Жас Шоқан өзiнiң даңқты атасы Абылай хан туралы поэмалар мен аңыздарға құмартқан. Шыңғыс Уәлиханов Шоқанды 1847 жылы Омбыға әкелiп, Сiбiр кадет корпусына түсiредi. Сiбiрдiң ең үздiк оқу орны болып саналатын ұяда Шоқан бiлiм алуға мықтап ден қояды. Көп оқиды, Пушкин, Лермонтов, Шекспир, Гете, Теккерей шығармаларына үңiледi. Омбы фундаментальдық кiтапханасына кiруге мүмкiндiк алады. Кадет корпусының қабырғасында жүрiп-ақ Шоқан өз халқының және Орталық Азияның тарихы мен мәдениетiн зерттеушi ретiнде дайындала бастайды. Ол кезде бұл аймақ Еуропа ғылымына аса таныс емес едi. Осындай мақсатпен ол шетелдiк және орыс зерттеушiлерi мен шығыстанушыларының еңбектерiн мұқият зерделейдi. "Мектеп партасында отырғанда-ақ Уәлиханов саяхатшы болуға дайындалып, Паллас, Рычаков, Левшин, Вельяминович-Зернов және басқалардың көптеген кiтаптарын оқып шықты",-деп жазады Г.Н. Потанин.

1853 жылы Ш.Уәлиханов кадет корпусындағы оқуын аяқтап, корнет шенiн алып, Сiбiр линейлiк казак әскерiне қызметке жiберiледi. 1854 жылдың қазан айында Батыс-Сiбiр генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорттың адъютанттығына тағайындау алып, Омбыда ол Сiбiр ведомствосындағы қазақтар тарихын жинау жұмысын жалғастырады. Осы мақсатпен Сiбiр қазақтары шекара басқармасы архивiндегi құжаттармен жұмыс жасайды. 1855 жылы жазда, Уәлиханов генерал-губернатордың Семей облысы, Iле аймағына сапарында бiрге болады. Жетiсу өңiрiне жеке саяхат жасайды. Бұл сапарында ол өңiр тарихын, жағырапиясын, халық ауыз әдебиетiн зерттеп, бiрнеше ғылыми мақалалар жазған. 1856 жылы табысты қызметi үшiн «поручик» шенi берiлiп, Владимирск лентасындағы қола медальмен марапатталған. 1857 жылы П.П.Семенов-Тян-Шанскийдiң ұсынысымен Ресей жағрапия қоғамының толық мүшелiгiне сайланған. Бұл Шоқанның жағырапия ғылымына қосқан қомақты үлесiн мойындау едi.

Атын дүйiм жұртқа мәлiм етiп, қаһарман саяхатшы ретiнде даңқын шығарған Шоқанның 1858 жылғы Қошқарияға, Шығыс Түркiстанға сапары болды. Одан жүз жыл бұрын Қытай басып алған ұйғыр, қазақ, дүңген, қырғыздар тұратын бұл аймақта дәл сол 50-інші жылдары антициндiк бас көтерулер болып жатқан-ды. Осыған байланысты Қытай үкiметi еуропалықтардың Қашқарияға сапарына тыйым салып, бұл заңды бұзғандарды өлiм жазасына кесетiндiктерiн жария етiп қойған-ды. Шоқаннан бiр жыл бұрын Қашқарияға барған немiстiң белгiлi саяхатшысы Адольф Шлагинвейт жазаланған болатын. Оның қайғылы қазасы туралы нақты деректi де кейiн Ш. Уәлиханов әкелген. Шоқанды көпес керуенiне жол сiлтеушi ретiнде орналастыру идеясын П.П. Семенов ұсынған. Қашқар сапары аса қиын да күрделi болғаны белгiлi, Шоқанның өмiрiне бiрнеше мәрте қауiп те төнген. Әйтеуiр, елге аман-сау оралып, күтiлгендей ол тарих, жағырапия, Шығыс Түркiстанның экономикалық жағдайы туралы бай материал жинап әкелген. Мамандар Шоқан зерттеуiн жоғары бағалап, жағрапия ғылымына қосылған елеулi үлес ретiнде қабылдайды. Шоқанның осы жолғы сiңiрген еңбегi 1860 жылдың 7-ншi сәуiрi күнi 4-іншi дәрежелi Святой Владимир орденiмен бағаланып, оған мерзiмiнен бұрын «штабс-ротмистр» шенi берiледi. Осы жылы Шоқан Сыртқы iстер министрлiгiнiң Азияттық департаментiне қызметке тағайындалады, Қашқария сапары туралы есеп беру үшiн Санкт-Петерборға шақырылады. Петерборда өткен жылдары (1859-1861) оның өмiрiндегi ең бiр жарқын кезеңдер. Петербордан келген соң ол саяхаты туралы баяндама жасайды, Орта Азия және Батыс Қытай халықтары тарихы мен мәдениеттерi туралы еңбектерiн жариялайды. Шоқан Санкт-Петерборда, Азияттық департаментте өнiмді жұмыс жасап, Бас штабтың әскери-ғылыми комитетiнде Орта Азия мен Шығыс Түркiстан картасына түзетулер енгiзедi, университетте Н.Н.Костомаровтың лекцияларын тыңдайды, әдеби қызметпен айналысады.

ЖАНАЙДАРОВ: Бүгінгі көзқараспен алып қарағанда Шоқанның демократияшылдығы турасында не айтуға болар еді?

ӘБУЕВ: Бұл кең көлемде тарқатуды талап етер әңгіме болғандықтан қысқаша айтып өтейік. Шоқанның демократияшылдығы мен рухани сана-сезiмiнiң тағы бiр бастауы халықтың тұрмыс-салты, мәдени мұрасы. Өзiнiң бабасы, ұлы хан Абылайдың Қазақстан жерiнiң бүтiндiгi мен халқының тәуелсiздiгi жолына бүкiл ғұмырын сарып етуi де оның мемлекет құрылымы мен халқының болашағына деген көзқарасының қалыптасуына әсер еттi. Шоқанның қоғамдық-саяси көзқарасын зерттеушiлердің бір тобы "Евразиялық, ой-өрiс бағыты ретiнде, батыстыққа қарама-қарсы ("Евразийство, как направление мысли, противоположно западничеству"),-деп жазады. Осыған орай, сұрақ туындайды, шын мәнiсiнде Ш.Ш.Уәлиханов кiм: батысшыл ма, әлде евразияшыл ма? Бiздiң пайымдауымызша, екi бастауды, екi мәдениеттi салыстыру-дәстүрлi қазақтың және орыстың, немесе батыстықпен онша келiсiмсiз. Керiсiнше, екi мәдениеттiң ұштасуы Шоқан Уәлиханов феноменi және басқа қазақ ағартушыларын тудырды. Ш. Уәлихановтың ерекшелiгi сол, ол алғаш рет қазақ қоғамының мүддесi үшiн ағартушылықты пайдалануды жүзеге асырды.

ҚОЖАМБЕРЛИЕВ: Біз көптеген жылдар бойы ұлтшыл деген сөзді теріс қабылдап, оның толыққанды мәнін дұрыс аша алмай келдік. Ал шындығына келсек, ұлтшыл болу - ұлт үшін қызмет ету деген сөз емес пе? Қазақтың оқыған зиялы азаматтарының ішінде ең алғашқы болып халықтың мұңын жоқтаған, ұлтшылдық негізін салған Шоқан Уәлиханов болды. «Бәрінен бұрын өзімнің Қазақ елімді, одан соң Сібірді, одан соң Ресейді, содан соң бүкіл адам баласын жақсы көремін» - деген екен Шоқан. Демек, ұлтшыл болу, ұлтшылдық - туған халқыңды өз анаңдай құрметтеу, қолыңнан келген барлық жақсылығыңды жасау, ең алдымен өз халқыңа қызметіңді көрсету. Ш.Ш.Уәлиханов қазақ халқының тарихы мен этнографиясын зерттеуге ерекше назар аударғандығы жайында 1857 жылы орыс зерттеушісі Г.Н.Потанин былай деп жазған еді: «Чокан все более и более углублялся в историю Востока; какие-то загадочные отношения киргизского племени этой истории, среди которого являлись имена древних народов усуней, кереев, найманов в качестве имен поколений, заставляли его задумываться и может быть мечтать сделать разоблачения в древней истории Востока посредством данных, которые представляют народные предания и остатки старины киргизского народа» . Осы үзіндіден байқағанымыздай, Шоқанды қазақ халқының шығу тегі (этногенезі) мәселесі, халық құрамына енген әр-түрлі ежегі ру-тайпалардың тарихы терең толғандырғанына көз жеткіземіз. Тарихи этнографиялық зерттеулерді табысты жүргізгені үшін қазақ ғалымы 22 жасында белгілі орыс жиһанкезі, зерттеуші - ғалым П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің кепілдемесі бойынша Орыс жағрапиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланды.

ЖАНАЙДАРОВ: Шоқан Уәлихановтың этнограф ғалым ретінде атқарған еңбегін қаншалықты ұшан теңіз?

ҚОЖАМБЕРЛИЕВ: Бұл ретте мынаған ерекше назар аударуымыз қажет. Шоқан Уәлихановтың Қазақстан аумағындағы түркі халықтарының этникалық тарихы мәселелерін талдауға қосқан үлесі орасан зор. Ол қазақтардың, сонымен қатар, қырғыздар мен ұйғырлардың этногенезі туралы алғашқы болып қызықты әрі дәлелді пікірлер айтты. Онысы бүгінгі күнге дейін өз маңызын сақтап келеді. 1884 жылы орыс зерттеушісі Н.А.Аристовтың еңбектері шыққанға дейін, дүниежүзілік ғылымдар Ш.Уәлихановтың түркі халықтарының этногенез мәселелерін көтерген еңбектерінің теңдесі жоқ еді. Қазақ даласына көрші халықтардың тарихын зерттеу ғалымның туған қазақ халқының ертедегі және орта ғасырлардағы тарихының көмескі жақтарын ашуына көмектесті.

ХІХ ғасырдың ортасына дейін Батыс Еуропа мен Ресей ғылымында (А.Гумбольт, К.Риттер) ХVІІІ ғасырдағы Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздарды бір халық деген қате пікір қалыптасқан еді. Біздің халықтарымыз тарихындағы осынау ақтаңдақ жерді Шоқан түгелдей жазып, тарих ғылымында үлкен төңкеріс жасап, бұлардың екеуінің екі халық екенін, яғни Ұлы дала халқының қазақ екенін, ал қырғыздардың олармен тек этнографиялық жағынан емес, сондай-ақ тіл мен антропологиялық жағынан да өзгеше, бөтен халықтар екенін батыл түрде дәлелдеді. Ол этногенетикалық мәселелерді дұрыс шешу үшін, ең алдымен ғалымда жан-жақты, толық деректер болуы және де ғылыми қорытындыларға сүйену қажеттігін жақсы түсінді. Ғылымда ең бірінші болып халық ауыз әдебиеті туындыларын дерек ретінде шебер қолданды. Шоқан өзінің «Қазақ шежіресі" атты еңбегінде қазақ халқының құрамына енген әртүрлі рулардың шығуы мен мекен еткен жерін баяндап берді. Оның жазбаларын негізге ала отырып біз алшын, арғын, найман, жалайыр, қыпшақ, қаңлы, керей, түрікмен, қырғыз, т.б. тайпалардың осы күнгі түркі тектес халықтардың тууына негіз болған деп есептейміз. Сонымен қатар шығыс деректерін, атап айтар болсақ Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» деген еңбегін пайдаланған. Бұл еңбек ғалымға қазақ халқының этногенез процесінің аяқталған кезеңін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуіне мүмкіндік берді. Аталған мәселе бойынша көптеген материалдарды мұқият зерттеу нәтижесінде Уәлиханов қазақтардың пайда болып, халық болып қалыптасуының себептеріне өзіндік көзқарас жасады.

ЖАНАЙДАРОВ: Шоқанның археология саласындағы ауқымды ізденістері, ғылыми жетістіктері жайлы не айтуға болады?

ЖОЛДАСБАЕВ: Жас ғалым Жетісу мен Тәңір тауының бөктерлерінен өткенде жол бойында кездескен көне дәуірдің ескерткіштері оған үлкен ой салып қатты әсер етеді. Әсіресе қазақ жерінде қала мәдениетінің болғандығын, тау баурайларындағы қыстауларды, суландыру жүйелерін, қазақ халқының жартылай отырықшы халық болғандығын өзінің «қазақ егіншілері» атты ғылыми еңбегінде жазады. Оның жазуы бойынша, егін салуды XVII ғ. Дулат тайпасының Жаныс руынан шыққан шыққан Байғабыл деген кісі бастаған. Және оның бұршақ, жымық, зығыр сияқты т.б. дақылдың түрлерін Қытай жерінен алып келіп, еккенін жазады. Әрине жерімізде егін салу ғалым көрсетіп отырған ғасырдан әлде-қайда бұрын басталған. Ыстықкөл жерінде болған кезінде ерте заманғы қалалықмәдениеттің болғандығын, суландыру жүйесінің арық тоғандардан көрініп жатқандығын жазған. Орта ғасырларда Іле алқабында да отырықшылық болған деп тұжырым жасаған. Ғалым жеріміздегі кездесетін көптеген археологиялық ескерткіштерді көне және жаңа молалар деп екі топқа бөліп қарастырған. Бұл молалардың барлығы қазақтардікі деп тұжырым жасаған. Олардың сыртқы көріністері, жерлеу әдеп-ғұрыптары әр түрлі. Кезінде қазба жұмыстарын жүгізбеген соң нақты пікір айту ертелеу болды. Молаларды екіге бөліп жазған, жеке-дара және қорған тәріздес түрлері деп. Соңғысы ташкенттік типтес ықшам қорған түрінде, батысқа қараған есіктері бар, сырты жалмен бекітілген бекініс сияқты болып келеді. Алмұндай молалар Үлкен Ордада(Ұлы жүз) Алатаудың етегінде де ұшырасады деп жазған.

Шоқан қазақ жеріне Монғол шапқыншылығына дейін түркі тектес ру-тайпалардың мекендегенін ұйғыр, қалаж, қаңлы және қарлұқ тайпаларының түрік одағының негізін қалағандығын жазады. Ал олардың археологиялық ескерткіштеріне жататын түркілердің балбал тастары. Мұндай балбал тастардың Кіші Ресей, Сібір жерлерінде де кездесетінін, олардың неге қойылатындығы анықталмағанын айтады. Мұндай балбал тастар Жетісуда өте көп кездеседі, бұлар туралы археолог А.Досымбаева Жайсан, Мерке жерлерінде зерттеу жүргізіп, бұл балбалдарды түркілердің ғұрыптық орындары дейді. Мәселен Ұлы тау шыңдарының бірінен Маңғыт ордасының негізін қалаушы Едіге моласын (кесенесін) кездестіріп, оған сипаттама жасаған. Алайда кесененің бұзылып орны қалғандығын, бірақта кезінде оның биіктігі таумен ұштасып тұрғандай деп жазады. Монғол зираттарымен түркілердің молаларын салыстыра келіп түріктер монғолдардан әлдеқайда білімді болғандығын, олардың отырықшы қалалық өмір сүргендігін, сауда-саттықпен айналысқандығын жазады. Оған дәлел ретінде Қазан қаласынан 60 шақырым жердегі бұлғарлардың астанасы Бұлғар қаласының қираған қалдығының орны осы уақытқа дейін сақталуы жатқандығын келтіреді. Қазіргі Алматы облысы Кербұлақ ауданы Алтынемел жерінде Тезек төренің ауылында болған кезінде Шолақтаудағы жартастардағы суреттерді қағазға түсіріп алған. Ғалымның өзі де осы Алтынемелдің бойындағы Таңбалы тас деген жердегі жартасқа салынған суреттерді қағазға түсіріп алған. . Ал Ұлытау аймағында болған кезінде Кеңгір өзені бойындағы салынған Қамархан, Алашхан, Болған ана, Домбауын тағы басқа кесенелерді қағазға түсіріп алып, олардың құрылысына таң тамаша қалған дейді. Бұл кесенелердің күйдірілген кірпіштен жасалғандығына, олардың мықты болу үшін кірпіштерінің қалауының өзіндік тәсілі болғандығына көңіл аударған. Кесенелердің сырты түрлі-түсті сырмен сырланған дейді. Әсіресе Алашханның кесенесіне, құрылыс жүйесінің қалай салынғандығына ерекше сипаттама берген. Аягөз өзенінің бойында тұрған Қозы мен Баянның кесенесіне ерекше мән берген. Сүйспеншіліктің куәсі болған поэманың қазақша мәтінін жазып қалдырған. Қозы мен Баян кесенесінен Аягөздің ағысына қарай бір жарым шақырым жерде моланың жанында бір ұсқынсыз балбал тастың тұрғаны туралы жазып, ол Қодардың ұсқыны болуы мүмкін дейді. Археологиялық ескерткіштер туралы жазғанда ғалым жақын маңындағы халықтардан сұрастырып отырған.

Аққан жұлдыздай өмірі өте шыққан ғалым қысқа мерзімнің ішінде, Қазақстан және Орта Азия жерлеріндегі елдерде болып, тарихи археологиялық ескерткіштерге көңіл бөліп, әсіресе өз елінің тарихының көне дәуірлерін танып білуде аянбай қызмет етуі халқымыздың нағыз тұңғыш археологы болғандығын көрсетеді. Ол археология ғылымына алғаш жол салғандардың бірегейі болды. Біз ғалымның археологиялық ескерткіштер туралы жазғандарын, оның ойын толық игеріп, қамтып жаздық деп айта-алмаймыз. Бұл мәселеге әлі де болса қайта оралып бүтіндей бір еңбек жазу келешектің жұмысы деп қараймыз.

ЖАНАЙДАРОВ: Әңгімелеріңізге көп рахмет!.