Бұл туралы бүгін Астанада өткен «дөңгелек үстелде» аталған жобаның бас үйлестірушісі Балтабек Қуандықов мәлім етті.
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, «Еуразия» жобасы аясындағы жұмыс жоспары 6 жылға есептелген және бұл бағыттағы шаралар шартты түрде 3 кезеңге бөлінді. 1 кезеңде өткен жылдардың геологиялық-геофизикалық материалдарын қайта өңдеу, екіншісінде, жаңа екі деңгейлі аумақтық бағдарды құрумен ауқымды геофизикалық зерттеулерді жүргізу, ал үшінші кезеңде «Каспий-1» жаңа тірек-ұңғымасын 14-15 шақырым тереңдікке дейін бұрғылау жұмыстары қамтылған.
«Инвестициялардың алдын ала болжанған көлемі 520 млн. долларды құрап отыр. 15 шақырымға дейін бұрғылау ұсынысы бекерден жасалып отырған жоқ. Шөгінді кешен шамамен 25 шақырымды қамтып отыр. Бүгінде бұл тұрғыда 5 шақырымға дейін зерттелді. Терең қабаттары жайында толық білу үшін бізге кем дегенде 12-15 шақырым тереңдікке дейін ұңғыма керек»,-деп тоқталды Б. Қуандықов.
Оның сөзіне қарағанда, 520 млн. доллар көлеміндегі инвестиция аталған барлық үш кезеңдегі жұмыстарды қамтиды. 2016 жылдан басталған жұмыстардың нәтижесінде, жоба 2021 жылға қарай аяқталады.
Каспий жағалауы ойпаңының 30 пайыз бөлігі Ресей аумағында жатыр. Осы ретте Каспий жағалауы ойпаңының бірыңғай геологиялық моделінің құрылымы мен геологиялық зерттеу мәселесі тұрғысындағы ынтымақтастыққа қос тарап та мүдделі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев биылғы көктемнің соңына дейін Каспий жағалауы ойпаңында көмірсутектер кенін барлау жөніндегі «Еуразия» халықаралық жобасына жаңа инвесторлар қосылуы ықтимал екенін айтқан болатын.
Бүгінде жоба аясында жаңа инвесторларды тарту жөнінде белсенді жұмыстар жүріп жатқанына тоқталған министр, «бұл күрделі жобаға шешім қабылдау белгілі бір уақытты қажет ететінін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан да консорциумның әлеуетті қатысушыларынан мамыр айының соңына дейін тиісті шешімді күтетінімізді айтқым келеді»,-деді.
«Еуразия» жобасы Каспий жағалауы ойпаңында тереңде жатқан кен орындарын барлауға арналған. Оның негізгі мақсаты - көмірсутектердің жаңа орындарын анықтау үшін өңірдің тереңдегі геологиялық қабатын зерттеу. Жоба аясында аса терең ұңғымаларды бұрғылауға инновациялық технологияларды әзірлеу жоспарланып отыр.