"Еуразия" сақтандыру компаниясы осы нарыққа қатысушыларды "қаржылық патриотизм" үлгісін көрсетуге шақырды

АЛМАТЫ. 3 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Еуразия" Сақтандыру компаниясы" АҚ-ның Басқарма төрағасы Борис Омаровтың пікірінше, Қазақстанның қаржы секторын дамыту үшін патриоттар керек. Ол бұл ойын бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

"Қаржы патриоттары деп қандай да бір қаржы институттарын құрған құрылтайшылар мен акционерлердің оның жарғылық және меншіктік капиталын тұрақты түрде ұлғайтып отыруын айтуға болады. Ал дивидент алумен шектеліп, қаржы институты қиындыққа кезіккен кезде оның қасынан табылмағандар "қаржы патриоттары" бола алмайды", - дейді Б. Омаров.

Оның айтуынша, Қазақстанның қаржы секторын дамытуда реттеушінің "қаржы патриотизмімен" ұштастыра жүргізген қатаң шаралары негізгі ынталандырушы күшке айналмақ. Нарық дамығанда инвесторлардың да қызығушылығы артады. Өсім бәсеңдесе немесе тоқтап қалса жағдай түбегейлі өзгеріп, олар қаржаттарын әкетуге тырысады. Қазақстанда қаржы патриоттарының үлгісі бар. Әзірге олардың үлесі өте аз.