«Еуразия» телеарнасының жаңа басшысы тағайындалды
15:41, 02 Тамыз 2012
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Сергей Киселев «Еуразия+ОРТ» телеарнасының директоры болып тағайындалды.
Бұл туралы аталмыш телеарнаның баспасөз қызметінен хабарлады.
Арнаның бұрынғы басшысы Ләззат Жүнісова осы уақытқа дейін, «Еуразия+ОРТ» ЖШС-нің Бас директоры және «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін бірге атқарып келген болатын.
Сергей Владимирович Киселев «Әділет» Жоғарғы құқық мектебінің түлегі. 2003 жылдан Құқықтық мәдениет қалыптастыру қорының директоры, 2003-2004 жылдары Алматы қалалық мәслихатының депутаты, 2003-2006 жылдары «Асар» партиясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2004-2007 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2006-2007 жылдары «Нұр Отан» ХДП кеңесінің мүшесі. 2007 жылдан 2010 жылға дейін «Еуразия+ОРТ» ЖШС Бас директоры болып қызмет атқарған.