Еуразия ұлттық университетінде дәстүрлі «Ақселеу Сейдімбек оқулары» өтеді

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - 12 желтоқсан күні Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде дәстүрлі «Ақселеу Сейдімбек оқулары» өтеді.

Университет баспасөз қызметінің хабарлауынша, белгілі этнограф-ғалым, публицист, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің туған күніне орайластырылған еске алу жиынында оның қаламдас достары, әріптестері, өнер мен ғылымдағы шәкірттері бас қосады. Олардың қатарында белгілі ғалым Қойшығара Салғараұлы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтар бар.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде А. Сейдімбек атындағы Ғылым залы ашылған болатын. Онда ғалымның кітаптары мен ғылыми-шығармашылық жолынан сыр шертетін фотосуреттері, өзі тұтынған құнды заттары қойылған. Университет студенттерінің кез келген уақытта ғалымның бай кітапханасынан сусындап, оның ғылыми-зерттеу еңбектерімен танысуына мүмкіндік жасалған.

ҚазАқпарат анықтамасы: Сейдімбек Ақселеу Сланұлы 1942 жылы 22 желтоқсанда Қарағанды облысы Жаңарқа ауданында дүниеге келген. 1963-1968 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқыған. 1968-1975 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, меншікті тілші, 1975-1976 жылдары «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, 1976-1983 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1983-1987 жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының бас редакторы болып қызмет атқарды.
1987-1997 жылдары ҚР ҰҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі, 1997 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, 1998 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті болып тағайындалды. 1999 жылы ҚР Президенттік Мәдени орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары болды. 2000 жылдан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналист мамандарын даярлаумен айналысты.

Ақселеу Сейдімбек 8 монографияның, бірнеше ғылыми еңбек пен оқу құралдардың және 400-ден астам мақаланың авторы.