Еуразия ұлттық университетінде Халықаралық гуманитарлық құқық орталығы ашылды

None
АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Еркегүл Қайратқызы/ - Бүгін Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заң Факультетінде Халықаралық гуманитарлық құқық орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық орталықтың ашылу салтанатына ҚР Сыртқы істер министрлігі ынтымақтастық департаментінің директоры Барлыбай Садықов, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Орталық Азия бойынша өңірлік өкілділігінің бұрынғы басшысы Ив Джованни мен университеттің басшылығы және оқытушылары қатысты.

2009 жылы Еуразия ұлттық университеті және Орталық Азиядағы Халықаралық Қызыл Крест комитетінің аймақтық өкілділігі халықаралық гуманитарлық құқықты оқыту саласында өзара ынтымақтастық байланыстарын дамыту жөнінде келісім-шартты рәсімдеген болатын. Осы аталған құжаттың аясында жоспарланған жобалардың бірі осы Халықаралық гуманитарлық құқық бойынша ұлттық орталықты ашу еді.

«Алдағы уақытта Орталық Азиядағы Қызыл Крест комитеті осы Еуразия ұлттық университетімен тығыз байланыста болады. Ашылып отырған орталықта гуманитарлық-құқық саласындағы заңгерлер, профессорлар,мемлекеттік қызметкерлер, оқытушылар, студенттер өз білімдерін шыңдап, толықтырып, ізденушілер қажетті ақпаратты осы жерден алып отыруға зор мүмкіндіктері бар»-дейді осы аталған ұйымның өкілі Ив Джованни.

Орталықта арнайы кітапхана ашылды. Оған қызыл Крест ұйымының өңірлік өкілдігі халықаралық құқық саласына қатысты 500 кітап сыйға тартты. Бұл жерде халықаралық гуманитарлық-құқық мәселелері бойынша ғылыми конференциялар мен семинарларды ұйымдастыру жоспарланып отыр.