Еуразия ұлттық университетінде «тимуршылар» топтары құрылады

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Біз бұрынғы «тимуршылар» топтарын құрып, ардагерлерге көмектесетін боламыз.

Бұл туралы бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ұлы Отан соғысының ұлы шайқастары» атты авторлық еңбектің таныстырылымы кезінде Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, профессор Зиябек Қыбылдинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, бүгіннен бастап университет жанындағы Ардагерлер кеңесіне мүше азаматтар факультеттің құрметті оқытушылары қатарына қабылданбақ. «Осы күннен бастап біздің ардагерлеріміз жастарға Ұлы Отан соғысынан өздерінің естеліктерін айтып, сол зұлмат майданның тарихи тағылымын бүгінгі ұрпаққа жеткізеді. Осының негізінде біз арнайы кітапты шығаруды қолға аламыз», - дейді З.Қыбылдинов. Сондай-ақ факультет деканы атап көрсеткендей, факультет жанынан арнайы топтар құрылып, ардагерлер қауымына көмек көрсететін болады. «Біз бұрынғы «тимуршылар» сияқты біздің құрметті ардагерлерімізге қолұшын беретін боламыз», - дейді ол.