Еуразия ұлттық университетінде Жабайхан Әбділдин атындағы дәрісхана ашылды

АНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі философ Жабайхан Әбділдин атындағы дәрісхана ашылды,

деп хабарлады университеттің баспасөз қызметінен.

Айта кетелік, Жабайхан Әбділдин - Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін салушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі және вице-президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Рухани келісім және бейбітшілік атты Президент сыйлығының лауреаты (1994 ж.). 2008 жылы «БҰҰ-ның принциптеріне адалдығы және соңғы 15 жылда Қазақстанда БҰҰ-ның жұмысына өлшеусіз үлес қосқаны үшін» марапатталған, Халықаралық «Өмір ағашы» сыйлығын «Шығармашылық ұзақ жасаушы» аталымы бойынша иеленген (2010 ж.).

Жабайхан Әбділдин атындағы дәрісхана ЕҰУ-де өткен Ильенков оқулары аясында ашылды. Ильенков - 2011 оқуларын Қазақстанда өткізу туралы бастаманы ҚР ҰҒА-ның академигі, философия ғылымдарының докторы Жабайхан Әбділдин көтерген болатын.

Ильенков - 2011 оқуларына Қазақстан, Ресей, Германия, Украина, Румыния, Индия, Беларусь, Өзбекстаннан келген ғалымдар қатысқан болатын. Онда «Философия және философтың парызы», «Диалектика және көзқарас» және «Тұлға, мәдениет, қоғам» мәселелері талқыланды деп көрсетілген ақпаратта.