Грант иегерлерінің оқу орнын таңдауы бойынша ІІ орында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (2925), ІІІ орында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті (2344), ІV орында 2342 студентпен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті болса, V орында 1165 студентпен Қарағанды мемлекеттік медицина университеті.
Бірінші орынға шығып отырған Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін оқуға түсушілердің 3075-і таңдаған. Оның ішінде 906-сы «Алтын белгі» иегері, 132-сі республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары. «Алтын белгі» иегерлері мен республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздарының басым бөлігі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің заң, экономика, физика-техника және филология факультеттерінің студенті атанды.
Өткен 2010-2011 оқу жылында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге мемлекеттік білім грантын иеленген 2116 талапкер оқуға қабылданған болатын. Оның 610-ы «Алтын белгі» иегері, 130-ы республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары болған еді. Осы екі жылдық көрсеткіштерді салыстырар болсақ, жыл өткен сайын Еуразия ұлттық университетіне таңдау жасайтын талапкерлер көрсеткіші айтарлықтай жоғарылап отыр.