«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының Атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешовтың айтуынша, білім ұзақ мерзімге салынған инвестиция. Сол себепті білім берудің жинақтау жүйесі қоғам алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі. «Бүгінгі таңда еліміздегі 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында көптеген мүмкіндіктер жасалып, ақылы түрде жоғары және кәсіптік білім алу мүмкіндіктері кеңеюде. Мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесі де осы бағыттағы игіліктердің бірі. Қазір бұл мәселе қалың көпшілік арасында кеңінен талқылануда. Бұл ретте әрине талқыланып отырған мәселеге қатысты жастардың пікірлерін білу де маңызды»,-дейді Атқарушы хатшы.
Оның айтуынша, бұл жан-жақты келісіп барып қолға алынуы қажет күрделі мәселе. Сондықтан да «Жас Отан» ұйымы оған қатысты көптеген отырыстар ұйымдастырған. Сондай-ақ елімізде екінші деңгейлі банк өкілдері мен экономика және заң саласының сарапшылары, қаржы орталықтарының өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылған. «Ол топ осы уақытқа дейін екі мәжіліс өткізді. Нәтижесінде мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесінің жобасы бойынша тиісті ұсыныстар жинақталды. Біз бүгінгі мәжіліс барысында да осындай ұсыныстар мен пікірлер айтылып, қызықты пікірталас болады деген ойдамын. Өйткені бұл отырыс біздің бір айлық жұмысымызды қорытындылауы тиіс»,-деді Н.Өтешов.