11:30, 19 Маусым 2009
Еуразия ұлттық университетінің жеке телеарнасын ашатын кез келді ? Ғ.Шалахметов
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Меніңше, бүгінде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жеке телеарнасын ашатын кез келді.
Бүгін ҚР Баспасөз күніне орай Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде басталған «Қазақстан журналистикасы: өзекті мәселелер» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында осы университеттің «Теле-радио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Университет телеарнасы қоғамдық-ағартушылық жанрында болуы тиіс. Бізде ондай үлгідегі теледидар әлі жоқ. Ал әлем бойынша осы үлгідегі телебағдарламаларды спутниктік байланыс арқылы көптеп көруге болады», - дейді Ғ.Шалахметов. Оның айтуынша, телеарнаның алғашқы бағдарламаларын ағымдағы жылы күзде шығару жоспарланып отыр. Осы орайда «Ел арна» телекомпаниясымен арнайы келісімге қол жеткізілді. «Бүгінгі таңда Еуразия ұлттық университетінде жинақталған бейнемұрағаттың негізінде оқу-ағартушылық бағдарламаларының топтамасын әзірлеуге болады», - дейді кафедра меңгерушісі.