«Еуразия» жобасы Қазақстанды әлемдік мұнай секторында жетекші позицияға шығаруы ықтимал

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Еуразия» жобасын жүзеге асыру 2030 жылға қарай Қазақстанның әлемнің мұнай өндіретін елдер арасындағы жетекші позицияға шығуға мүмкіндік береді.

Бүгін Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында Энергетика министрі Владимир Школьник осылай мәлім етті.

«Өңіраралық форум барысында «Еуразия» жобасы Қазақстан мен Ресей Президенттеріне таныстырылған болатын. Геологтардың мәліметтері бойынша, Каспий маңындағы ойпатты аймақтарда мұнайдың ірі кен орындары бар. Бұл шамамен бірнеше миллиард тоннаға болжанып отыр. Оның ішінде перспективалық кен орнының 70 пайызға жуық аумағы Қазақстанның, 30 пайызы Ресейдің аумағында жатуы ықтимал», - деді Владимир Школьник.

Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық аумақтың 15 мың метрден астам тереңдігінде көмірсутек шикізатының әлемдегі ең көп қоры шоғырлануы мүмкін. Осыған орай, қазіргі таңда жобаның ғылыми-зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Біз бұл жобаның жұмысына әлемнің ірі компаниялары қызығушылық танытып, араласады деп ойлаймыз. Алдын ала тұжырымдама жобасы жасалды. Жалпы ғалымдар бұл «Еуразия» жобасын Марсқа адам қондырғанмен бірдей қарайды. Өйткені, жобаның бірегейлігі, күрделілігі, өркениетіміз үшін жаңалығы соған тең, біздің Жер шарын осыншама тереңдікке ешкім де зерттемеген», - деді В. Школьник.

Соңғы жаңалықтар