Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы құрылады: Қазақстан 25 млрд теңге жарна құяды

Сауда және интеграция министрлігі құрылатын Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының жарғылық капиталы қанша болатынын жариялады, деп хабарлайды Кazinform.

Фото: freepik.com

Бұл тұрғыда палата отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер аталған компанияның жарғылық капиталына қатысты Сауда және интеграция министрлігінің вице-министрі Қайрат Төребаевқа сұрақ қойды.

«Құрылатын Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының жарғылық капиталына тоқталсақ, Қазақстанның жарнасы 20 пайызды құрады, яғни 25 млрд теңге шамасында. Бұдан бөлек, Беларусь – 30 пайыз, Ресей – 45 пайыз, Армения – 3 пайыз, сондай-ақ Қырғызстан 2 пайыз көлемінде жарғылық капиталға қаржы салады. Бұл қаражатты бір рет саламыз және бұл ақша компания ішінде айналымда болады», – деді Қ. Төребаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы олтырысында «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Заңның мақсаты – тараптардың экономикалық өсуіне жәрдемдесу, өзара және сыртқы сауда-экономикалық байланыстарын кеңейту бағытында 2022 жылғы 20 қазанда Ереван қаласында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер қол қойған Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру.