Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында энергетика, өнеркәсіп саласындағы бірқатар құжатқа қол қойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Минск қаласында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Үкімет

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Беларусь Президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттер делегацияларының басшыларымен, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасымен кездесті.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы дәстүрлі түрде шағын және кеңейтілген құрамда өтті. Жиында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында қойған міндеттерді жүзеге асыру мәселелеріне назар аударылды.

Фото: Үкімет

– Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы төрағалығы кезеңінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұйымға мүше мемлекеттер басшыларына жолдаған үндеуінде айқындалған негізгі мақсаттарды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін басшылыққа аламыз. Бүгін біз ЕАЭО-ның сыртқы саудасы мен елдеріміз арасындағы көлік байланысын, сондай-ақ мүше мемлекеттер бастамашылық жасаған жекелеген мәселелерді қарастырамыз. Бұл бағыттар ұлттық экономикаларды дамыту және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін аса маңызды. Бүгінгі жұмысымыздың нәтижелері Кеңес алдында тұрған мақсаттарға одан әрі қол жеткізуге және міндеттерді шешуге ықпал етеді деп сенемін, - деді Олжас Бектенов.

Фото: Үкімет

Шағын құрамда өткен отырыста кең ауқымды мәселелер, атап айтқанда, көлік саласындағы басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі және ынтымақтастықтың басқа да бағыттары талқыланды.

Кеңейтілген құрамда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың бірлескен болжамдары және 2026-2027 жылдарға арналған сұраныс пен ұсыныстың теңгерімдері, өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын жүзеге асыру нәтижелері және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауданың жай-күйі қаралды. Теңіздегі өткізу пункттерінде электрондық құжат айналымын дамытудың ағымдағы нәтижелері тыңдалды. Ортақ электр энергетикасы нарығының жұмысына, кедендік әкімшілендіру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.

Қазақстан Премьер-министрі инвестициялық және өндірістік белсенділікті қолдау, экономикалық кооперацияны кеңейту және өсімнің жаңа көздерін қалыптастыру бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ЕАЭО-ның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға өскен. Осы жылдың қаңтар-маусым айларында негізгі капиталға инвестициялар ағымдағы бағада 17%-ға өсіп, $244,5 млрд-қа жетті.

Фото: Үкімет

Өзара сауданы дамытудың негізгі факторларының бірі – Одақтың транзиттік әлеуетін жүзеге асыру. Олжас Бектенов көлік саласын цифрлық трансформациялаудың және Одақтың цифрлық көлік дәліздерінің толыққанды экожүйесін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанда жүктерді электрондық сүйемелдеуді және мемлекеттік органдар мен бизнес арасында деректер алмасуды логистиканың бірыңғай терезесі саналатын Smart Cargo жүйесі қамтамасыз етеді. Жүк ағындарын болжау және маршруттық желіні модельдеу үшін Echelon Alpha платформасы, жылжымалы құрамды контактісіз диагностикалау үшін KinetiX жүйесі қолданылады. Соңғы бес жылда Қазақстанның көлік секторының жалпы өнімі үш есеге өсіп, 14 трлн теңгеден асты.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ЕАЭО-да өнеркәсіп өнімінің көлемі $938,6 млрд-ты құрады. Өңдеу секторында өндіріс көлемі $630,9 млрд-қа жетті. Премьер-министр бірлескен жобаларға, қосылған құнның жаңа тізбектерін қалыптастыруға және мүше мемлекеттердің өндірістік кешендерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға назар аудара отырып, ЕАЭО шеңберінде 2030 жылға дейін өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын жүзеге асыруды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Экономикалық интеграцияның практикалық құралдарының бірі – ауылшаруашылық өнімдеріне арналған қойма куәліктерінің жүйесі. Осы жылдың маусым айында күшіне енген келісім аграрлық өнімді кепіл ретінде пайдалануға және астық пен ауыл шаруашылығы тауарларының басқа да түрлеріне қаржыландыруды тартуға мүмкіндік береді. Еуразиялық экономикалық комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп осы тетіктің толыққанды практикалық қолданылуын қамтамасыз ететін болады.

Отырыстың қорытындысы бойынша сауда, энергетика, өнеркәсіп және басқа да салаларда бірқатар құжатқа, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Келесі отырыс осы жылдың желтоқсан айында Мәскеу қаласында (Ресей Федерациясы) өтеді.

Олжас Бектенов Минск қаласында «ИННОПРОМ. Беларусь» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысқанын жазған едік.