17:55, 22 Сәуір 2009
Еуразиялық банк жеке тұлғаларға арналған салым өсімінің көрсеткіші бойынша үздік атанды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Еуразиялық банк жеке тұлғаларға арналған салым өсімінің көрсеткіші бойынша 2009 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында Қазақстандағы алғашқы ондықтағы банктердің арасында үздік орынға ие болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Қаржылық қадағалау агенттігінің (ҚҚА) деректері бойынша, үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында Еуразиялық банктегі жеке тұлғалар салымының көлемі 84,6 пайызға өскен, бұл Қазақстанның ірі қаржы институттарының ондығы арасында ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Наурыз айының қорытындысы бойынша Еуразиялық банктегі жеке тұлғалар салымының көлемі 4 549 246 мың теңгеге өскен. Бұл қарастырылып отырған банктердің арасында ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
«Еуразиялық банктегі тұрғындар салымының серпінді өсімі біздің банк ұстанған стратегияның орнықтылығын, сондай-ақ, салымшылардың бізге көрсеткен сенімін айқындайды. Еуразиялық банк капиталын тұрақты өсіруге негізделген акционерлер сенімділігін де атап өткен жөн. Олардың қолдауы, әсіресе, қазіргі таңда өте маңызды, себебі, клиенттер қаржы институтын таңдауда банк сенімділігіне және қаржы тұрақтылығына назар аударады», - дейді бұл тұрғыда «Еуразиялық банк» АҚ Басқарма төрағасы Жомарт Ертаев.