Еуразиялық бәсекелестік жөніндегі ынтымақтастық алаңы құрылады - БҚА

АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - Өңірлік деңгейде интеграциялық үрдістердің сапасына шынайы әсер етуге қабілетті жаңа форматтағы Еуразиялық бәсекелестік жөніндегі ынтымақтастық алаңын құру туралы бастама жасалды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов мәлім етті.

Төрағаның айтуынша, аталған бастаманы іске асыру мақсатында қазіргі күні Еуразиялық бәсекелестік ынтымақтастық алаңының тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл басқа алаңдарға қатысты қайталаушы орган емес, керісінше оларды толықтыратын болады.

«Еуразиялық бәсекелестік жөніндегі ынтымақтастық алаңының ерекшелігі оның бағыты жұмыс істеп тұрған халықаралық ұйымдар қамтыған бәсекелестікті қорғау саласындағы бағыттарды жақсартумен байланысты болып, өзінің «елдік ерекшелігі» ескерілетін болады. Аталмыш алаң ынтымақтастығы өзара мүддені білдіретін елдердің ғана монополияға қарсы органдарын, оның ішінде көршілес елдермен, сонымен бірге, тауар айналымының көлемі және Қазақстандағы инвестициялар көлемі үлкен болатын елдермен біріктіретін болады», - дейді Б. Қуандықов.

Оның сөзіне қарағанда, Еуразиялық бәсекелестік жөніндегі ынтымақтастық алаңын құрудағы артықшылықтардың бірі бизнес үшін тиімді ақпараттық орта құру болып табылады. Нарықтық үрдістің барлық қатысушыларын тұрақты ғылыми зерттеу, сараптамалық талдамалық, ақпараттық, әдіснамалық қамтамасыз ету кәсіпкерлікке бәсекелескен кезде дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.