Аталған хаттамаға 2015 жылы 15 маусымда қол қойылған болатын. Қазақстан, Беларусь, Ресей, Қырғыз, Армения мен Тәжікстан секілді алты мемлекет мүше болып табылатын аталған қор туралы хаттамаға енгізілетін өзгерістер негізінен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың қызметін тоқтатумен байланысты болып табылады. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ЕурАзЭҚ тоқтатылуына байланысты Қордың атауы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры болып қайта аталады.
Министрдің айтуынша, Қордың қызмет кезеңі ішінде Беларусь Республикасы мен Тәжікстан Республикасына қаржылық кредиттер берілген. Бұдан бөлек Қырғыз Республикасы мен Арменияда іске асырылатын инвестициялық жобалар қаржыландырылған.
«Бұдан басқа, Қордың таратылуына байланысты оның интеграциялық комитеті мен Хатшылығының жұмысы да тоқтатылады. Осыған байланысты Қор Хатшылығының функцияларын Еуразиялық даму банкіне, ал Депозитарий функцияларын Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне беру жүктелген. Сонымен қатар, Хаттама арқылы Қордың таза пайдасын кіріс деңгейі төмен қорға қатысушы елдердің әлеуметтік саласындағы гранттық бағдарламаларды өтеусіз қаржыландыру үшін пайдалану жөніндегі норма көзделген», деді министр Б. Сұлтанов.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.