Еуразиялық экономикалық комиссия - бюрократиясы өте үлкен мекеме - А. Мырзахметов

None
АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін «Атамекен одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының ұйымдастыруымен өткен «ЕЭК - Бизнес-сұхбаты: әрекеттесу болашағы» атты халықаралық дөңгелек үстелі барысында Беларусь-Қазақстан-Ресейлік бизнес-сұхбат пен BUSINESSEUROPE техникалық реттеу бойынша Кеңестің құрылуы туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл құжат Кеден одағы мен Еуропалық одақтың мемлекеттері арасында экономикалық байланыстарды күшейту, тұрақты негіз ретінде өзара әрекеттесу шеңберінде іскерлік ұйымдардың әріптестігін нығайту, сонымен бірге КО пен ЕО мемлекеттерінің нормативтік-техникалық заңнамаларын жетілдіру мен үндестіруге мүмкіндік туғызуға бағытталған.

Дөңгелек үстел жұмысына Беларусь өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер конфедерациясы, Ресей өнеркәсіпшлер, кәсіпкерлер мен жалдаушылар одағының, сонымен қатар, ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Отырыста Беларусь-Қазақстан-Ресейлік бизнес-сұхбат пен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) арасындағы өзара әрекеттесу мәселелері талқыланды.

«Еуразиялық экономикалық комиссия бюрократиясы өте үлкен мекеме болып отыр. Әрине, биыл құрылғанына бірінші жыл, оны да түсінеміз. Бірақ оның құрылымдарының қарым-қатынасы әлі де болса бірізділікке түскен жоқ. Біздің кәсіпкерлеріміз жіберген хаттарға бірнеше айлап жауап келмейді. Көптеген мәселелер өз шешімін таппай отыр. Сондықтан бүгін осы мәселелердің барлығын біржақты етіп, арамызда регламент жасауға жиналып отырмыз. Онда Үштік одақтың барлық кәсіпкерлерінің құқықтары сақталатын болады. Біздің ұсыныстарымызға нақты уақытта, нақты адамдар жауап беретін болады», - деді «Атамекен одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының Басқарма бастығы Абылай Мырзахметов.