Еуразиялық интеграция - өміршең идея

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1994 жылдың 29 наурызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудің М. Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінде сөз сөйлеп, ТМД-ға қатысушы-елдерден Еуразиялық одақ құруды ұсынды. Бұл ұсыныс «Еуразиялық Одақ» деп аталатын интеграциялық жобаның іргетасын қалады. Сол уақыттан бері ТМД кеңістігінде Елбасымызды «Еуразиялық интеграцияның сәулетшісі» деп атайды.

Бұл жайдан-жай беріле салған баға емес. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын осы тақырыпқа ерекше назар аударып, өзінің ой-пікірлерін қоғамға ашық жеткізіп келеді. Оны Ұлт көшбасшысының жазған мақалаларынан, сөйлеген сөздерінен, берген сұхбаттарынан анық байқаймыз.

Солардың бір парасына көз жүгіртпес бұрын, бір нәрсеге назар салайық. Елбасымыз еуразиялық интеграцияға қатысты әрбір айтқан сөзінде кез-келген мемлекеттің егемендігіне қол сұғылмайтынын, әр елдің ішкі шаруасына ешкімнің араласуға құқығы жоқтығын анық көрсетіп отырған. Мұның дәлелін Мәскеудегі ғылыми элита мен студенттер қауымының алдында оқыған дәрісінен басталық. Онда былай деген: «Еуразиялық экономикалық одақ ТМД-дан бөлек қағидаттармен құрылуы тиіс. Жаңа бірлестіктің негізін басты екі мәселе: бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыратын және бірлескен қорғаныс саясатын қамтамасыз ететін ұлтүстілік орган құрауы керек. Бұл жердегі маңызды нәрсе, қалған мәселелердің барлығы, яғни, егемендікке, ішкі мемлекеттік-саяси құрылымға, әр қатысушының сыртқы саясаттағы қызметіне ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ».

Тура он жылдан кейін, 2004 жылдың 3 сәуірінде Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-інде сөйлеген сөзінде интеграцияны тек бір аспектімен тұжырымдауға болмайтынын нақтылап берді. «Осы жылдарда біз ҰҚШҰ сияқты әскери, ЕурАзЭҚ сияқты экономикалық және ШЫҰ сияқты жалпысаяси алуан түрлі интеграциялық бірлестіктердің жұмысын көрдік. Әр интеграциялық деңгей өз міндетін атқарады. Бұл идеяның екінші бір аспектісі - әртүрлі жылдамдықтағы интеграция. Әуелде бұл туралы ойлағандар аз. Интеграция бола ма, жоқ па деген екінің бірін таңдау тұрғандай ғана көрінетін. Бірақ, нақты тұжырым әртүрлі елдердің интеграцияға дайын немесе дайын еместігімен өлшенеді» деді Елбасы.

Сайып келгенде, Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылдары сөйлеген сөздеріне ұқыптылықпен үңілген адам бұған бірден көз жеткізеді. Мысалға, 2009 жылы 19 наурызда «Известия» газетінде жарық көрген «Евразийский Союз: теория и реальность» атты мақаласында былай деп жазады: «15 жыл бұрын, мен Еуразиялық одақ құру туралы бастама көтердім. Ол тұжырымдама ерікті, тең құқылы интеграцияға, посткеңестік мемлекеттердің бірлескен саяси-экономикалық дамуына, жаһанданған әлемде ТМД елдерінің беделін нығайту ұстанымдарын күшейтуге негізделген. Әрине, алғашында бұл идеяны жұрттың бәрі бірдей түсінген жоқ. Бәлкім, ол заңдылық та шығар. Себебі, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ТМД-ның барлық мемлекеттері ұзақ күттірген егемендіктен масаттануды басынан кешіргені мәлім. Алайда, уақыт өте келе бұл идея өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, жылдар өткен сайын, ол ТМД елдерінің саясаткерлерінің де, қоғамдық орталарының да кең қолдауына ие болды».

2000 жылдың қазан айында Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Елбасымыздың Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы идеясының тамаша екенін, тиісті құжаттарға қол қойылғаннан кейін оның тарихында алғашқы қадамдар жасала бастағанын жария етті. Мұндай қадам бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттердің жемісті ынтымақтастығының өнегесі бола алатынын қуанышпен жеткізді. Гүржістанның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили 2005 жылы 31 мамырда Қазақстан Президенті Н. Назарбаевпен екі жақты келіссөздерден кейін өткізілген баспасөз мәслихатында былай деді: «Қазақстан қарыштап алға басып, бүгінгі таңда таңданарлық өсу қарқынын паш етіп отыр. Бұл сіздердің тарихтарыңыздың алтын ғасыры. Одақтық мемлекет ыдырар алдында халқының тұрмыс деңгейі жөнінен бұрынғы кеңестік республикалардың ішінен соңғы орындардың бірінде болып келген ел бүгінгі көптеген экономикалық көрсеткіштері бойынша сеніммен көш бастап келеді. Қазақстанның табыстарын мен тікелей Н. Назарбаевпен байланыстырамын. Немерелері мен шөберелерінің игілігі мен келешекте жетер биігін ойлап, өзінің елін өркендету үшін 100-200 жылға алдағы болашақты болжайтын адамдар бар».

Ал Ресейдің қоғамдық ортасының белді өкілдерінің бірі, Ресей Федералдық жиналысы федерациялар кеңесінің төрағасы Сергей Миронов Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық одақ құру туралы идеясын айтқандағы батылдығы мен саяси ерік-жігерін ТМД көлемінде қорықпай пайдалануға шақырды. «Біртұтас экономикалық кеңістікті қалай қалыптастыру керектігі жайында Н. Назарбаевтың өзінің айқын түсінігі бар. Бірінші кезең - еркін сауда аймақтарын құру. Екінші кезең - Кеден одағы, үшіншісі - ортақ валютаға көшу арқылы қаржы жүйелерін шоғырландыру. Ресейде нағыз саяси ерік-жігер үш бұрын қалыптасты. Қазақстанда президент Назарбаев арқылы мұндай саяси ерік-жігер он жылдың жүзінде білініп отыр. Біз өзіміздің жақын достарымыз бен көршілеріміздің озық тәжірибесін пайдаланудан қорықпауымыз керек»,- дейді ол «Парламентская газетаға» (3 сәуір, 2003 жыл) берген сұхбатында.

Жоғарыда келтірілген дерек-дәйектерден көрініп тұрғанындай, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеяның негізінде тек экономикалық мүдделер жатыр. Яғни, қандай да бір саяси мәселелер ол одақтың құзырына кірмейді. Сонымен бірге, Қазақстан өзінің көпвекторлық саясатын одан әрі жалғастырып, халықаралық қауымдастықтағы қарым-қатынастарын дамыта береді. Біздің қоғамда «Мемлекет Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Шартқа халықтың келісімінсіз қол қоюға ұмтылып жатыр» деген қате түсінік бар. Керісінше, бұл бастама халықтың кең қолдауының негізінде да жүзеге асырылады. Еуразиялық одақты құру туралы Шарттың жобасын талқыланып болғаннан кейін, ол үш тараптың ішкі мемлекеттік келісіміне жіберіледі. Сонымен қатар, Шарт жобасына қол қойылғаннан кейін, барлық тараптардың заң шығарушы органдары құжатты міндетті түрде ратификациялайды. Әмірлан Әлімжан