Еуразиялық қаржы-өнеркәсіп компаниясы екіге бөлінбек

None
АЛМАТЫ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Еуразиялық қаржы-өнеркәсіп компаниясы» АҚ екі үлкен корпорацияға бөлінбек.
Оны Еуразия банкінің Басқарма төрағасы Жомарт Ертаев бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жомарт Ертаевтың айтуынша, шілде айында банктің жеке акционері саналатын «Еуразия қаржы-өнеркәсіп компаниясының» екіге бөлінетіні туралы арнайы хабар таратылмақ. «Ол Еуразия қаржы корпорациясы және Еуразия өнеркәсіп корпорациясы болып екіге ажырамақшы. Еуразия қаржы корпорациясының құрамына 4 компания кірмек. Олар - Еуразия банкі, Еуразия сақтандыру компаниясы, Басқарушы компания және зейнетақы қоры», дейді банкінің Басқарма төрағасы. Еуразия қаржы-өнеркәсіп компаниясы Еуразия банкін 1994 жылы құрды. Ал банк өзінің еншілес компаниялары саналатын 1995 жылы құрылған «Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ мен 1999 жылы дүниеге келген «Еуразия жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ын биыл өз акционеріне сатқан болатын.