18:37, 30 Наурыз 2009
«Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасындағы алғашқы саудада 3-ші сыныпты бидайдың тоннасы 21 500 теңгеден сатылды
АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасындағы алғашқы бидай саудасы жасалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Онда 3-ші сыныпты 65 тонна бидай сатылды. Оның әр тоннасы 21 500 теңгеге бағаланды. Бұл саудаға Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Ауғанстан мен Иранның астық сатып алушыларының мүддесін қорғайтын 6 трейдер қатысты. «Еуразия сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ «Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы» АҚ және «РТС қор биржасы» ААҚ-ның қатысуымен 2008 жылы құрылған болатын. Споттық және жедел биржалық тауар саудасын жүргізуге бағытталған бұл тауар биржасының қатысушылары - өндірушілер, тұтынушылар, қазақстандық және халықаралық брокерлер. Енді сәуір айынан бастап өсімдік майлары, ұн және жанар-жағар майдың сауда-саттығы жүргізіле бастамақ. Үшінші тоқсанның соңына қарай биржалық емес тауарлардың сауда-саттығын өткізетін алаң ашылады. Ал төртінші тоқсанда қара және түсті металл мен алтынға фьючерстік сауда жүргізу жоспарланып отыр.