«Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасының іске қосылуы ел экономикасының дамуына жаңа серпін береді - Әркен Арыстанов

АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасында алғашқы сауда-саттық өткізілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасындағы алғашқы сауда-саттықтың базалық активі - 50-ден астам элеваторда сақталатын үшінші сыныпты бидай. Бұл элеваторлар «Қазагрогарант» АҚ-ның Кепілдік қорына кіреді немесе «Дәнді дақыл сақтандыру компаниясы» АҚ-ында сақтандырылған. «Осы биржаның іске қосылуы ел экономикасының дамуына жаңа серпін береді деп үміттенеміз. Ол сауданы ашық және тиімді етіп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін тәуекелді азайтуға жағдай жасайды», - дейді ҚР Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің төрағасы Әркен Арыстанов. Электрондық жүйе бойынша өткізіліп жатқан бұл саудаға Ауғанстан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанның астық сатып алушыларының мүдделерін білдіретін 6 брокерлік кеңсе қатысуда. Оның ішінде «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-ның мүддесін білдіретін «Қазагромаркетинг» АҚ да бар.